WBC: Головкин топ бастап тұр

WBC: Головкин топ бастап тұр

Титулдарынан айырылса да, топ басынан түскен жоқ. Бүкіләлемдік бокс одағы жаңа ғана әлемдік рейтингті жаңартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған сәйкес орта салмақтағы мықтылардың көшін қазақстандық Генадий Головкин бастап тұр.

Айта кетейік, жерлесіміз соңғы бір айда 2 бірдей титулынан айырылды. Алдымен IBF тұжырымы бойынша чемпиондық аттаққа үміткер бразилиялық Эскиво Фалькаомен кездесуден бас тартып, белдігін босатқан болатын. Артынша WBA тұжырымы бойынша чемпиондық белдігін де жекпе-жексіз кубалық Эрисланди Лараға бере салды. Соған қарамастан Бүкіләлемдік бокс одағы оны бірінші орынға көтерді.

Бұрын бұл сатыда мексикалық Хайме Мунгия тұрған болатын. WBC тұжырымы бойынша, чемпиондық атақ қазір америкалық Джермалл Чарлоның еншісінде. Ал WBC бойынша уақытша чемпиондық белдікті домикандық Карлос Адамес жеңіп алды. Бұл жігіттер жалпы тізімге кірмейді.

Головкиннен бөлек, жаңартылған рейтингте тағы бір қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов та бар. Ол орта салмақта алдыңғы бестікті түйіндеп тұр.