Астанада асық атудан ашық турнир өтті

Жарысқа елорда мен Ақмола, Қарағанды облыстарынан 50 оқушы қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлдар бес табаннан өзара мықтыны анықтаса, қыздар жағы бес асықтан сайысқа түсті.

Жаттықтырушылардың айтуынша қазір асыққа қызығатын бала көп. Мәселен, бұған дейін мұндай жарыс тек қала бойынша өтіп келсе, бұл жолы екі өңір қосылып, аймақтық деңгейге көтерілді. Ашық турнир осымен бесінші рет ұйымдастырылып отыр.

Ескендір Рахметов, асық атудан аға жаттықтырушы:

- Бұл жолы 5-ші, 6-шы сыныптар арасында болып жатыр. Алдында біз бастауыштар арасында өткізгенбіз. Оның алдында бірінші рет болған кезде 7-ші, 8-ші сыныптар арасында өткіздік. Ел бойынша 6 мыңнан аса спортшымыз, 2 мыңнан аса жаттықтырушымыз бар. Үйірмелер ашылған қазіргі таңда.

Дидар Төлеужан, жарысқа қатысушы:

- Асыққа қатысқаныма 1 жыл болды. Маған ұнайды. Өйткені ол ежелден келе жатқан ойын және де бұл асық ату ойынының қызығы, көзді жаңартады. Қазіргі гаджет ойындарына, телефонға қарағанда асық ату жақсырақ деген ойдамын.

 

Сонымен нәтиже мынадай. Астана қаласындағы №85 мектеп-лицейінің ұлдары бірінші орынды иеленсе, екінші орын қарағандылық өрендерге бұйырды. Елордадағы №84 мектептің жеткіншектері үшінші орыннан көрінді. Ал қыздар арасында бас қаладағы №24 мектептің оқушылары топ жарса, екінші орынды №83 лицей алды. №55 мектептің қыздары үшінші орынды місе тұтты. Ертең Астана қаласының чемпионаты өтеді. Ол жерде жеңімпаз атанғандар ел біріншілігіне қатысу үшін Қызылордаға аттанады.