Елімізде тұңғыш рет Рафтинг спорт түрінен Азия чемпионаты өтеді

Маусым айында елімізде тұңғыш рет Рафтинг спорт түрінен Азия чемпионаты өтеді.

Ашық біріншілік болғандықтан бұл сынға Еуропалық командалар да келеді деп күтілуде. Осынау байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасына жүлде алатын мүмкіндік бар ма? Дәл қазір жерлестеріміз Алматы маңында  қызу дайындық жүргізіп жатыр. Біздің тілшілер ұлттық құраманың жаттығу жұмыстарын көріп, спортшылармен тілдесіп қайтқан болатын.

Елімізде енді ғана қанатын кеңге жайып келе жатқан спорт түрлерінің бірі Рафтинг. Су спорты түрлерінің ішіндегі ең қызықтысы да әрі қиыныда осы,- дейді мамандар. Қиыны сол ағын судың арыны қатты болса, қайығыңыз аударылып кетуі мүмкін. Мұнда команданың ауызбіршілігі аса қажет. Жұмыла кіріспесе жеңіс оңайшылықпен келмейді. 

Аяна Құрманғалиева, Рафтинг шебері:

- Қорқатын ештеңе жоқ, мен мысалы жүзу білмеймін. Равтингке түскенде, үстіңе желет киесің. Басыңда каска болады. Жаныңда  инструктр бар саған түсіндіріп беретін. Қаншама рет жарысқа қатыссам да, бір ретте суға түсіп көрмедім. Аударылған жоқпыз.

Серік Балқыбай, Рафтинг шебері:

- Соңғы 3 жылдың ішінде, қазақ жастарында қызық жағынан дамып жатыр равтинг. Өзгеше спорт. Көбісіне қызық болып жатыр, және ол суда болған соң, атмосфера өзгеше, басқаша. Содан ішкі чемпионаттарға көп- көп командалар қатысып жатыр.

Қазақстан рафтинг қауымдастығы 2005-ші жылы құрылды десек, аз ғана уақыттың ішінде жерлестеріміз бұл спорт түрінің қыр-сырын меңгеріп алған. Тіпті  халықаралық аренада әлем мықтыларымен йық тірестіріп жүрген көрінеді. 2019-шы жылы Түркия жерінде өткен дүниежүзілік жарыста Қазақстан құрамасы 2-ші орыннан көрініп, талайға таңдай қаққызған.

Максим Зимин, ҚР Рафтинг федерациясының президенті:

- Иә қазіргі таңда Қазақстанмен әлем мықтылары санасады. Өйткені соңғы жылдары осы бір спорт түрі  біздің елде қарқынды түрде дамып келеді. Ұлттық біріншілікте бәсекелестік жоғары. Спарта, Жемчужина, Легион секілді командалар қашанда жарыс көркін қыздырып жүреді. Енді міне өз жерімізде өтетін Азия біріншілігінде топ жарсақ деп отырмыз.  

Маусым айының 13-і мен 19 аралығында Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы Көксу өзенінде құрлықтың кіл мықтылары бас қосады. Ашық біріншілік болғандықтан Сербия бастаған Еуропалық командаларда жүлде бөлісіне араласа алады. Ендеше Қазақстан намысын қорғайтын Рафтинг шеберлеріне сәттілік серік болсын дейміз.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев