Қатардағы дзюдодан әлем чемпионатына 19 қазақстандық қатысып жатыр

Доха қаласында дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Байрықты бәсекеге ұлттық құрама өте ұзақ және тыңғылықты дайындалған. Соған қарамастан алғашқы күндері жүлдеге іліге алмады.

Аслан Қаженов, тілші:

- Күн өткен сайын жарыстың да көркі қызып келеді. Дәл қазір Қатар астанасы Доха қаласында, Доха қаласындағы дәл мына АБХА аренада жылдың басты бәсекесі – әлем чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен, нақтырақ айтқанда, 99 елден 700-ге жуық жапон жекпе-жегінің шебері жиналды. Олар қазір үшінші күн қатар дәл осы аренада өзара мықтыны анықтап жатыр. Жаңағы 700 спортшының арасында, әрине, өзіміздің жерлестер де бар. Бас-аяғы 19 қазақстандық дзюдошы осы жарысқа қатысып, жүлдеге қол созып көреді. Алғашқы жарыс күні Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев, Әбиба Абужақынова, Ғалия Тыныбаева сияқты жерлестеріміз татамиге шықты. Араларынан Әбибада ғана медальға қол созатын мүмкіндік болды. Қола үшін белдесті. Ал жарыстың екінші күні Толғанай Әбеуова, ал ерлер арасында негізгі үміттердің бірі Ғұсман Қырғызбаев 66 келі салмқата өнер көрсеткен еді. Бірақ олар да іріктеу кезеңінен өкінішке орай аса алмады.

Толғанай Әбеуова, дзюдодан ұлттық құрама мүшесі:

- Партерде осалдық жіберіп қойдым. Партерде ұтылдым. Енді алда көптеген жарыстар бар. Соларға дайындалам. Әлі де медальдар болады деген үміттемін өзім. Сондай ойдамын.

Ғұсман Қырғызбаев, дзюдодан ұлттық құрама мүшесі:

- Осы әлем біріншілігіне өте тыңғылықты дайындалып келдік. Өзімнің бабым өте жақсы болып барды. Өзім сезіп тұрмын. Үшінші айналымда кореялық спортшыға жеңілдім, 3 ескертумен. Ескертулерді неге бергенін кішкене түсінбей қалдым. Соған кішкене көңілім толмады.

Ал жарыстың үшінші күні 3 бірдей жерлесіміз татамиге шықты. Оның ішінде әйелдер арасында Бақыт Құсақбаева алғашқы айналымнан-ақ қателік жіберіп, жаңазеландиялық қарсыласына есе жіберді. Ерлер арасында Данияр Шамшаев пен Данияр Смағұлов өнер көрсеткен және оларға үлкен үміт артылды. Араларынан Данияр екінші айналымға жолдама алды. Ол алғашқы кездесуінде Түркия дзюдошысын айқын басымдықпен жеңді. Бірақ екінші айналымда қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Ал Жансай Смағұлов алғашқы айналымнан аса алмады және осы кездесуден кейін кәсіпқой мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Артынша ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов бұл ақпаратты жоққа шығарды. «Ұлттық құрамада Жансай сияқты тәжірибелі спортшылар болу керек», - дейді маман.

Нұрбол Сүлейменов, дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Әрине, ол – қызуқандылықпен айтып тұрған нәрсе. Эмоция дейді ғой. Эмоцияға беріліп айтқаны ғой. Кішкене халықтың алдында ұялып, намысына тигеннен кейін солай айтқаны ғой. Біраз біз енді оны бір жыл қалғанда қояды деп айта алмаймыз. Үміт артамыз. Опыт бар. Ондай спортшыны біз жібере алмаймыз. Осы олимпиадаға дейін күресеміз. Бұндай спортшыларды өсіру үшін жылдар керек. 1 жыл емес, 2 жыл емес. 10-15 жыл керек қой бұндай спортшыларды өсіру үшін.

Доха қаласындағы әлемдің аламан мамырдың 14-іне дейін жалғасады және осы аралықта 14 салмақ дәрежесінде, яғни ерлер арасында 7, қыздар арасында 7 салмақтағы үздіктер анықталады. Оларға 2 мың рейтингілік ұпай беріледі. Бұл Париж олимпиадасының алдында өте маңызды. Спортшылар қазір барынша көбірек ұпай жинап, осы жазғы ойындардың лицензиясын алуға тырысуда. Бұдан бөлек, 1 миллион долларды құрайтын, бұл жалпы жүлде қоры, осындай ынталандыру сыйақысы да бар. Әрине, бұның өзі де спортшыларға жақсы мотивация, әсіресе біздің спортшыларға жүлдеге қол созуына көмектеседі деген үміттеміз.

Авторы: Аслан Қаженов.