Еуропа лигасы: «Севилья» мен «Рома» финалға шықты

Еуропа лигасы: «Севилья» мен «Рома» финалға шықты

Еуропа лигасының да финалистері анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Севилья» жартылай финалда «Ювентустың» осал тұсын тапты. Испания мен Италия командаларының теке-тіресі негізгі уақытта тең аяқталды. 90 минут шабуылдаған Туриндік клуб 65-ші минутта есеп ашты. Душан Влахович кезекті шабуылды нәтижелі түйіндеп, «Ювентусты» финалға біртабан жақындатқан еді. Алайда «Севилья» жасыған жоқ. 6 минуттан кейін Сусо күшті соққысымен алыстан қақпаны дәл көздеді.

Апта бұрын қарсыластар Туринде де 1:1 есебімен тең ойнаған еді. Бұл жолы финал жолдамасы қосымша уақытта шешілді. Эрик Ламела мергендік танытып, Еуропа лигасында кімнің қожайын екенін дәлелдеді. «Севилья» араға 3 жыл салып, Еурокубок додасының шешуші кезеңіне шықты. Испан командасы осы турнирдің рекордсмені саналады. Бұл клуб Еуропа лигасында 6 мәрте топ жарған.

Енді «Севилья» финалда «Ромамен» ойнайды. Италиялық команда Германияның «Байерінен» айласын асырды. Финал 31 мамырды Будапеште өтеді.