Елордада «Super Bol!» әлеуметтік жобасының гранд-финалы өтеді

Бүгін елордада «Super Bol» әлеуметтік жобасының гранд-финалы өтеді.

Жоба қатысушылары «Астана Арена» стадионында QJ лигасының құрамасына қарсы ойнайды. Жас футболшылардың өнерін тамашалауға 20-ға жуық шетелдік скаут келді. Ал бүгінгі матчқа әлем чемпионатында қазылық жасаған атақты Равшан Ирматов төрелік етеді. «SuperBol!» әлеуметтік жобасының гранд-финалы жайлы әріптесім Риат Шони айтып беруге дайын. Стадиондағы атмосфера қалай? Жанкүйер қарасы көп пе?

Риат Шони, тілші:

- Енді «Супер бол» әлеуметтік жобасына тоқтайтын болсам, биыл оған 16 мыңнан астам жас қатысқан. Бүгін президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің фейсбук парақшасында финалда өнер көрсететін жастарға сәттілік тілеп жазба қалдырған болатын. Тағы ол осы супер бол жобасының «Дара» президенттік бастамалар қоры қолдағанын да атап өтті. Жалпы бұл Super Bol 16-23 жас аралығындағы жігіттер арасында таланттарды іздеуге бағытталған әлеуметтік-спорттық реалити-шоу. Жобаның басты мақсаты әуесқой футболшыларға өз армандарын жүзеге асыруға және кәсіби келісімшартқа қол қоюға көмектесу. Биыл мамырдың 4-і мен 30-ы аралығында жобаның скауттары мен жаттықтырушылары кастингтер өткізіп, Қазақстанның 14 қаласын аралаған. Ал былтыр тек 8 облыс қамтылған еді. Онда 6,5 мың қатысушы болса, соның ішінен үздік 50 талант таңдап алынған. Ал биыл міне қатысушылар саны 16 мыңнан асты. Жоба шарты бойынша жастар арасынан үздік 50 адам таңдалып алынды. Соның 25-і Бесағаштағы «Қайрат» футбол клубының базасына барып жаттығады. Қалған 25-і резервте қалады. Кейін әр күн сайын жаттықтырушылар штабы жобаны ары қарай жалғастыра алмайтындарды анықтап отырды. Олардың орнына резервтік тізімдегі қатысушылар шақырылды. Енді міне, сайдың тасындай іріктелген жастар бүгін алыс жақын шетелден келген скауттардың алдында барын салып, шеберліктерін көрсетіп жатыр.

Айта кету керек, Супер бол жобасының өткен жылғы финалисі Өркен Жанутраев испаниялық Херес клубымен келісім-шартқа отырған. Өзге жастарда еліміздің кәсіби футбол клубтарында қазір сәтті өнер көрсетіп жүр. Енді биыл да жас таланттар әлемдік скауттардың назарына ілігіп, үлкен футболға қадам басады деген сенімдеміз. Айтпақшы, бүгінгі гранд-финалды тамашалауға келген арнайы қонақтардың бірі Нигерия ұлттық құрамасының аты аңызға айналған футболшысы  Джей-Джей Окоча. Футбол тарихындағы үздік дриблердың бірі. Окоча ПСЖ, Фенербахче, Болтон сынды еуропаның мықты клубтарында өнер көрсеткен. Енді Супер бол әлеуметтік жобасының гранд финалы қазір сағат 20:00-де басталады. Жобаның ақтық кезеңіне шыққандар QJ лигасының құрамасына қарсы ойын өткізеді. Айта кету керек, бұл лига елімізде биыл ғана құрылған. Бұнда 18 жасқа дейінгі футболшылар өнер көрсетеді.