Super Bol жобасының гранд финалы немен аяқталды?

Елордада  футболдан  «Super Bol» әлеуметтік жобасының гранд-финалы өтті.

«Астана Арена» стадионында жоба қатысушылары  «QJ league» құрамасына қарсы ойнады. Сайдың тасындай іріктелген футболшылардың өнерін тамашалауға шетелдік белді клубтардан 20-ға жуық скауттар келді. Матчқа әлем чемпионаттарында ең көп төрелік жасаған атақты Равшан Ирматов қазылық жасады.

Сайдың тасындай іріктелген әуесқой ойыншылардан құралған "SUPER BOL!" футболшылары  мен  елімізде биыл ғана құрылған  QJ лигасының құрамасы арасындағы жолдастық кездесу өтті. Ойынның негізгі мақсаты жас дарындардың талантын шыңдау, олардың кәсіби футболға жолдама алуына жол ашу. 

Давид Лория, "Super Bol" әлеуметтік жобасының менеджері:

- Жас спортшылдарымыз үшін ерекше маңызды күн. Бүгінгі ойында сәтті өнер көрсететініне сенімдімін. Олардың қарсыластары да осал емес. «Qj league»  құрамасындағы 18 жасқа дейінгі  ойыншылар. барлығы да талантты. Олар үшін де  бұл  ойын мүмкіндікке толы болмақ. Өйткені,  шетелдік скауттар олардың да қарым-қабілетін байқайды. Матчтан соң «Qj league» құрамасының ойыншылары да кәсіби келісім-шартқа  жолдама алуы мүмкін. 

Ойыншылардың өнерін тамашалуға «Фулхэм», ЦСКА, «Спартак», «Ризеспор»,  «Аль Хиляль» сияқты еуропалық әйгілі  клубтардың скауттары арнайы келді. Білікті мамандар  ойыншылардың қарым-қабілетін байқайды. Үздік ойын көрсеткен, қабілеті жоғары жас футболистермен келісім жасалуы мүмкін. Сондай-ақ, гранд-финал ойынын көруге  келген құрметті қонақтардың бірі Нигерия ұлттық құрамасының аты аңызға айналған футболшысы  Джей-Джей Окоча. Футбол тарихындағы үздік дриблердың бірі. Окоча ПСЖ, Фенербахче, Болтон сынды еуропаның мықты клубтарында өнер көрсеткен. 

Джей-Джей Окоча, Нигерия ұлттық құрамасының бұрынғы футболшысы:

- Қазақстанға алғаш келіп отырмын. Өте керемет ел, әдемі қала екен. Футбол бүкіл әлем бойынша  маңызды спорттың бірі екенін жақсы білеміз.  Өзіңді осындай ойындарда көрсетіп, кәсіби футболға жолдама алу әрине өте керемет мүмкіндік. 

Арман қуған жастарды бір құрамада тоғыстыратын әлеуметтік-спорттық жобаға іріктеу 4 - 30 мамыр аралағында өтті. Жобаның скауттары мен жаттықтырушылары  елдің 14 қаласын аралап, кастингтер өткізген еді. Оған 16 мен 23 жас аралығындағы 16 мың адам өтініш берген. Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтайтын  жобаның финалына ең үздік 50 футболшы іріктелді.