Астанада бочча бәсекесі өтті

Бочча – мүмкіндігі шектеулі жандар арасында танымал ойындардың біріне айналды.

Бүгінде еліміздің бірнеше аймағында бочча федерациясының өкілдігі жұмыс істейді. Жүздеген жанның басын қосқан бұл ұйымға мүше болушылар саны күн санап артуда. Тұрақты түрде турнирлер де ұйымдастырылып тұрады. Бүгін Елордада арнайы жарыс өтті.

Кейінгі жылдары елімізде бочча спорты кеңінен қанат жайып келеді. Биыл отандық қауымдастық Халықаралық бочча федерациясына мүше болды. Бұл спортшыларымыздың Паралимпиадаға қатысуына мүмкіндік берді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Жалпы бүгінгі күні бәріміз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстанды орнатуға өзіміздің үлесімізді қосып жатырмыз. Әділетті Қазақстан дегеніміз – ең алдымен инклюзивті Қазақстан. Инклюзивті Қазақстан дегеніміз барлық біздің елдің азаматтарына, біздің қарияларымызға, жастарымызға, бәріне бірдей мүмкіндік беру деген сөз. Бүгінгі іс-шара осындай үлкен мақсатқа жетуге өз үлесін қосады деп сеніп отырмыз. 

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Қазақстандық бочча құрамасы былтыр ғана құрылды. Ал биыл тамызда алғашқы халықаралық жарысқа қатысып қайтты. Польшада өткен жарыста жүлделі орынға іліне алған жоқ. Дегенмен мамандарымыз бұл жарыста жерлестеріміздің лайықты өнер көрсеткенін айтады. Ал бүгінгі турнир осы бочча спортын кеңінен насихаттауға арналып отыр.

Турнирде 10 шақты команда бақ сынады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға депутаттар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері арнайы келді. Бір командада ойнап, жарыс жүлдесін сарапқа салды.

Диана Молдахметова, турнирдің бас төрешісі:

- Бұл спортпен зейнеткер адамдар да айналыса алады, мүмкіндіктері шектеулі адамдар да қатыса алады және де балалар өте қызығып ойнайды. Осы жарысқа біз қазір 25-ке жуық адамдарды шақырдық. Бұлар инклюзивті командаларда ойнайды. Біздің ұлттық спортымыз асыққа кішкене келеді. Яғни, ол дәлділікті көрсетеді, күштілікті көрсетуге болады осы спорт түрімен.

Жақын жылдары бочча еліміздегі танымал спорт түрлері қатарынан орын алуы бек мүмкін. Себебі мүмкіндігі шектеулі жандар арасында қызығушылық зор. Мемлекет тарапынан да көңіл бөлініп отыр.

Абай Қойшекенов, турнирге қатысушы:

- Адамның бүкіл 12 мүшесін қозғалысқа салады. Жақсы ойын негізі. Негізі 1984 жылдан бар екен, Олимпиада ойындарына енген екен. Жаңа естіп отырмын. Бізде сондай, әр мектепте, сондай, осындай орындарда дамыту керек.

Тартысты жарыс нағыз мерекеге айналды. Әр ұпай үшін жанын салған сайыскерлер келешекте бочча бәсекесін дәстүрге айналдыру керек екенін айтады.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Наурызбай Құрманғазы.