«Шахмат керуені» Шығыс Қазақстан облысына жетті

Өскемендік кәсіби шахматшылармен қатар әуесқой ойыншылар да Түркістанда өтетін республикалық турнирдің іріктеу ойындарына қатысты.

Жергілікті спортшылар көптен күткен аймақтық шахмат федерациясы ашылды.

Қарағанды мен Павлодардың ізін ала Өскеменде де шахмат федерациясы құрылды. Бұл қала тұрғындары көптен күткен жаңалық еді. Себебі, мұнда ресми ақпар бойынша шахматты серік еткендер 3 мыңнан асып жығылады.  Солардың бірі – Дүйсенғали Көшкенов. «Адамның ақыл-ойын дамытып, зейінін ашатын ойын түрінің кең тарап жатқаны қуантады», - дейді зейнеткер.

Дүйсенғали Көшкенов, қала тұрғыны:

- Шахмат өте пайдалы. Жастарды тәрбиелеу керек шахматты үйренуге. Адамды ойландыртады. Өте жақсы қазір ұйымдастырып жатыр, жоғары деңгейде. Бұрын болмаған.

Шахмат өзге спорт түрлері секілді жас талғамайды.  Шеберлігің жетсе, тәжірибелі ойыншыға да қарсы тұруға болады.   облыс көлемінде чемпион атанған Әділжан Садыбеков бұл жолы ардагер ойыншылармен шеберлік байқасты.  Өскеменде Әділжан секілді  үздіктер көп.  Олардың арасынан ел чемпионы және әлем кубогының жүлдегерлері шыққан.

Әнуар Рахимов, ШҚО Шахмат федерациясының төрағасы:

- Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Ойға алған сол жоспарларды жүзеге асыруға бар күш жігерімізді саламыз. Өздеріңіз білесіздер еліміз соңғы 2-3 жылда өте жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр. Осы жолды жалғастыра беруіміз керек.

Блиц-шахматтан әлемнің екі дүркін чемпионы Бибісара Асаубаеваның, Жансая Әбдімәлік пен Әлуа Нұрманованың халықаралық жетістіктері кейінгі буынға үлгі. Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында еліміздің ерлер құрамы үздік 20 команданың сапына қосылды.  Өңірлерді аралап жүрген «Шахмат керуені» жобасының мақсаты - ел ішіндегі таланттарды іріктеп, жеңісті жолды жалғастыру.

Алмагүл Манатқызы, шахматтан облыстың бас бапкері:

- Осыған дейін бір шахмат бөлімшесі болған. Қазір шахматтан жеке мектептер ашылып жатыр. Дворовой клубтан барлығы 12 мектеп бар. Сонымен қоса әрбір мектепте шахмат сыныптарын ашып жатырмыз. 

Үкімет шахматты дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекітті. Мектептерде қосымша пән ретінде оқытыла бастады. Ол үшін 35 қалалық және ауылдық мектеп таңдап алынды. Әрине, бұл оқушылардың шахматқа деген қызығушылығын арттырары сөзсіз. 400 мың тұрғыны бар Өскеменде қазірдің өзінде әрбір 5-ші бала шахмат ойнайды екен.

Авторлары: Елдос Какенов, Вячеслав Ветлуги, Дмитрий Пыхтин