«Шахмат керуені» жобасының жеңімпаздары Түркістанда анықталады

«Шахмат керуені» республикалық жобасының жеңімпаздары Түркістанда анықталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

2 ай бұрын басталған турнирдің гранд-финалы рухани шаһарда жалауын көтерді. Керуен осы уақыт аралығында еліміздің 18 аймағында әуесқойлар арасында блиц-турнир өткізіп, жартылай финалдың үздіктерін анықтады. Шахмат додасының финалына 60 ойыншы қатысып, бақ сынап жатыр. Олардың арасында спорт шеберіне үміткерлер мен түрлі разряд иелері де бар. Ең жасы 8-де болса, үлкені 60-тан асқан.

Ауқымды жобаның жүлде қоры да қомақты. Бірінші орын алған ойыншы 5 миллион теңгеге ие болады. Сондай-ақ әйелдер, жасөспірімдер мен ардагер ойыншыларға 100 мың теңгелік сертификат табыс етіледі.

Ернұр Ержанұлы, ең жас ойыншы:

- «Шахмат керуені» жартылай финалында өте тартысты ойын болды. 11 ойыннан 10 ұпаймен бірінші орын алдым. Екеуін тең ойнап, 9-ын ұттым. Үлкен кісілермен де ойнадым. Біреуін тең, қалғандарын жеңдім. Мақсатым – өскенде шахматтан тренер болу.

Марат Есенов, ҚР Шахмат федерациясының вице-президенті:

- Байқасаңыздар, бүгінгі қатысушылардың көбі – жастар, ол бізді қуантады. Бұл дегеніміз біздің шахматымыздың дамыуының келешегі бар деген сөз. Біз барған барлық өңірде өте жақсы пікірлер айтылып жатыр. Келесі жылы да осы жарысты біз жалғастыруды ойластырып жатырмыз. Шахмат мерекелері молынан болады деген үлкен сенім бар.