Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шераза кездесуі мүмкін

Мұндай мәлімдемені британиялық боксшының промоутері Фрэнк Уоррен жасады.

Оның  айтуынша, жекпе-жекті ұйымдастыру қиын емес. Ең бастысы – Жәнібектің рұқсаты керек. «Қазақстандық боксшы үнемі қарсыластарының қашатындығын айтады. Ал енді лайықты  деңгейде  жұдырықтасар адам табылды. Егер расымен дайын болса, шаршы алаңға шықсын», - дейді Уоррен. Айта кетейік, британиялық Хамза Шераза бүгінге дейін 31 жекпе-жек өткізіп, оның 25-інде жеңіске жеткен. 20-сын нокаутпен ұтқан. WBC рейтингінде 4-ші, WBO рейтингінде 5-ші, ал WBA рейтингінде 11-ші тұр. Жәнібек болса, WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы. Яғни қос бірдей  белдіктің иегері. Бүгінге дейін 15 кездесу өткізіп, 15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түсті. 

Канелоның кезекті қарсыласы кім?

Жәнібектен қашып жүргендер Канеломен кездесуі мүмкін. Мексикалық боксшы Сауль Альварес алдағы мамыр айында кезекті жекпе-жегін өткізетінін мәлімдеді. Бірақ қарсыласының есімін айтпады. Белгілісі кәсіпқой рингтегі айқас орта салмақта, яғни 76,2 келіге дейінгі дәрежеде өтеді. Кейбір дереккөздер, өз отандасы  Хайме Мунгиямен қолғап түйістіруі мүмкін деген болжам жасап жатыр.

Айта кетейік, ол былтыр қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен кездесуден бас тартқан болатын. Ал The Ring басылымы Сауль Альварес Джермелл Чарломен шаршы алаңға шығады дегенді алға тартады «Канело» да бір сөзінде америкалықпен бокстасатынын айтып қалды. Егер мамырда Канело мен Чарло жолықса, Мунгияға күзге дейін күтуге тура келеді. Айта кетейік, Сауль Альварес екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы саналады. Ол бүгінге дейін 64 кездесу өткізіп, оның 60-ында жеңіске жетті. 2-еуі тең аяқталды. 39 кездесуді нокаутпен ұтты.

С. Төлтаев кәсіпқой боксқа ауысты

Саматәлі Төлтаев кәсіпқой боксқа ауысты. Допинг дауына іліккен орта салмақ боксшысы 18-ші ақпан күні Түркияның Ыстамбұл қаласына шаршы алаңға шығады. Кәсіпқой рингтегі алғашқы қарсыласы жергілікті боксшы болмақ. Бұл жөнінде оның менеджері Жанпейіс Назарғали мәлімдеді. Бас спорт кз порталына берген сұхбатында, допингке қатысты ережелердің қатаң сақтағанын алға тартты. «Кәсіпқой боксқа өту үшін, 6 ай өткен соң тағы да тексерілуі тиіс. Саматәлі қарашада сынама тапсырып, таза болып шықты. Содан бастап жаттығуға кірістік», - дейді менеджері.

Айта кетейік, Саматәлі ұлттық құрамада бірнеше жыл өнер көрсетті. Жастар арасында Азия чемпионы және әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Сондай-ақ, ересектер арасында да әлем чемпионатына қатысты. Былтыр қанынан тыйым салынған препарат табылып, 3 жылға әуесқой спорттан шеттетілген болатын.

Қ. Қоңқабаев: Парижде арманға қол созуым қажет

Париж олипмпиадасында сәтті өнер көрсетіп, бала күнгі арманға қол созуым қажет. Бокстан ұлттық құрама өкілі Қамшыбек Қоңқабаев осындай пікір білдірді. Аса ауыр салмақтағы былғары қолғап шебері Zakon.kz порталына берген сұхбатында жазғы ойындарға қызу дайындалып жатқанын айтты. «Алматы облысындағы «Ақбұлақ» базасында әзербайжандық боксшылармен бірлескен жаттығуды бастадық. Париж олимпиадасында арманыма жету үшін шеберлігімді одан сайын шыңдап, дайындық процесін бір сәтке тоқтатпауым қажет», - деді Қамшыбек.

Айта кетейік, ол осымен 2-ші рет жазғы ойындарға қатысқалы отыр. 2020 жылы Токиода өткен олимпиадада қола жүлдегер атанды. Бұған қоса, кәсіпқой бокста да бағын сынап, бүгінге дейін 5 кездесу өткізіп үлгерді. Өкініштісі сол, ұлттық құрама спортшылары арасында осы Қамшыбекте ғана жолдама бар. Қалған жігіттер ақпан айының соңында Италияда өтетін лицензиялық турнирге қатысып, қалған 6 салмақта жолдама алуға тырысады.