Түркістанда дзюдодан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты басталды

Түркістанда дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты басталды.

Ел біріншілігіне Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 17 облыстан барлығы 820 жас қатысуда. Түркістан облысы дзюдо федерациясының президенті Хамитдин Жарқынбеков осындай чемпионаттардың өңірде өтуі жастардың спортта шыңдалуына көп септігін тигізетінін атап өтті. Ал тәжірибелі жаттықтырушы Мейірлан Баймаханбетов, жарысқа қатысушы барлық спортшылар жоғары дайындықпен келіп, татами төрінде тартысты белдесулер өтетініне сенім білдірді. Жарыстың алғашқы күнінде ұлдар 50, 55 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде күш сынаса, қыздар 40,44,48 келі салмақта шеберліктерін шыңдады. Түркістан топырағында алғаш рет өткізіліп отырған балуандар бәсекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Айта кетейік, жарыс 27 ақпанға дейін жалғасады.

Сымбат Тағай, жарысқа қатысушы /Түркістан облысы:

- Осы жарыс мен үшін өте сәтті өтуде. Мен Жетісу және де басқа да облыстардың қыздарымен күрестім. Олар да өте жақсы дайындықпен келген. Екінші айналымда Атыраулық қызбен күрестім. Жақсы дайындықпен келген екен, сәл қиындау болды. Алдағы Азия, Әлем чемпионаттарына қатысу үшін осы жарыста жеңіске жетіп, Әлем чемпионы болуға тырысамыз.

Мейірлан Баймаханбетов, еліміздің жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушысы:

- Осы жарыстан жеңімпаз болғандар ұлттық құрамаға ілінеді. Алдағы Әлем, Азия чемпионаттарына іріктеу болады. Оған дейінде біз де кубок Азия, Еуропа кубоктары бар. Сол жерде бақ сынайды. Сол жерде кім жақсы өнер көрсетеді, кім жақсы күреседі. Солар Әлем, Азия чемпионатына барады.