Түркістан облысында боксшылардың жаттығу жиыны өтіп жатыр

Дмитрий Попко жыл басынан бері 3-ші жарыста топ жарды, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстандық теннисші бұл жолы АҚШ-тың Нейплс қаласындағы рейтингілік турнирге қатысқан болатын. Ол финалда эквадорлық Андрес Андрадеден басым түсті.

Құрлықтық додада жүлдеге ілікті  

Қазақстандық қыз-жігіттер Еуропа Кубогында жүлдеге ілікті. Құрлықтық доданы Польша астанасы Варшава қабылдаған болатын. Байрақты бәсекеге 37 елден 500-ге жуық қатысушы жиналды. Жарыстың алғашқы күні 60 келіге дейінгілер арасында ұлттық құрама өкілі Шерзод Давлатов қола медаль жеңіп алды. Ол бас-аяғы 5 кездесу өткізіп, оның төртеуінде жеңіске жетті. Жұбаныш финалында отандасымыз грузиялық Тома Гелашвилиден басым түсті. Артынша оның жеңіс жолын Мәдина Парагульгова жалғады. 78 келіден жоғарылар арасында күрескен жерлесіміз ақтық сында нидерландылық Сверс Полиенді ұтты.

Мәдина қазір 22 жаста және болашағынан үміт күттіретін қыздардың бірі. Ол – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ал ересектер арасында екінші рет IJF турнирлерінде жеңіс тұғырына көтеріліп тұр. Былтыр Ақтауда өткен ашық Азия кубогында да қола жеңіп алған болатын.

Н. Сүлейменов: Елдостың жылдамдығы бұрынғыдай емес

Елдостың жылдамдығы бұрынғыдай емес. Бұл – дабыл қағатын жағдай. Дзюдодан ұлттық команданың бас бапкері Нұрбол Сүлейменов Елдос Сметовке қатысты осындай пікір білдірді. Бұл жөнінде inform.kz сайтына сілтеме жасап, Bassport.kz порталы хабарлайды.

Биыл 32 жасқа толатын дзюдошымыздың жылдамдығы бұрынғыдай емес. Сметов 6 ірі жарыста жеңіліп, тұғыр биігіне жақындай алмады. Бұл – біз үшін де, Елдос үшін де дабыл қағатын жағдай. Сметов Ташкенттегі Гран-приде белдеседі. Бұл жарыс сәтті болады деген сенімдеміз, – деді бас бапкер.

Бұған қоса ол жалпы 60 келіге дейінгілер арасында бәсекелестік өте жоғары екенін алға тартты. Десе де Елдос қазақ дзюдосында бұрын-соңды болмаған нәтижелерді тіркеді. Яғни оның еншісінде Олимпиада, Азиада, әлем және құрлықтық чемпионаттардың жүлдесі бар.

Алайда уақыт өз дегенін алады, – деп сөзін түйіндеді Нұрбол Сүлейменов.

Бокстан лицензиялық турнирге дайындық

80 жігіттің басын қосты. Түркістан облысындағы «Алматау» базасында былғары қолғап шеберлерінің ауқымды жаттығу жиыны өтіп жатыр. Оған Париж Олимпиадасының жолдамасына таласатын 6 боксшыдан бөлек, ұлттық құраманың өзге де өкілдері түгел жиналды. Бұған қоса әр облыстың үздіктері де осында шеберлік шыңдауға мүмкіндік алды. Дайындық жұмыстары 28 ақпанға дейін жалғасады. Артынша, яғни 29 ақпан күні Мырзағали Айтжанов бастаған ұлттық командамыз Италияға аттанады. Кәрі құрлықтың Бусто-Арсицио қаласында Олимпиаданың лицензиялары сарапқа салынбақ.

Байрақты бәсекеге Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Асланбек Шымбергенов және ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбайлар қатыспақ.

Айта кетейік, ұлттық командамыздың қоржынында қазір 1 ғана жолдама бар. Оны өткен Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев жеңіп алды. Ол бүгінгі таңда жеке бағдарлама бойынша Париж Олимпиадасына дайындық жүргізіп жатыр.  

Ұлттық құрама Италияға аттанды

Ал Қазақстанның қыздар құрамасы бірер күн бұрын Италияға аттанып, лицензиялық турнир өтетін жерде жаттығуды пысықтап жатыр. Қыздар арасында да жалғыз жолдамамыз бар. Оны Ханджоудағы Азия ойындарында 57 келіге дейінгілер арасында Карина Ибрагимова жеңіп алды. Енді Италияда 5 бірдей қазақ қызы бағын сынап, лицензия санын арттыруға тырысады. Атап айтқанда, Алуа Балқыбекова, Жайна Шекербекова, Римма Волосенко, Наталья Богданова және Валентина Хальзовалар шаршы алаңға шықпақ.

Боксшыларымыздың дайындықтары жақсы. Италияда қыздарымыз аянып қалмайды. Жаттығу жиынында дайындықты одан сайын пысықтаймыз. 25 ақпаннан бастап спаррингтік кездесулер өткіземіз, – деді бап бапкер Шәміл Сафиуллин. 

Айта кетейік, бірлескен жаттығу жиынына 30-ға жуық елдің командалары қатысып жатыр.

«Алтын Мерген» халықаралық турнирі  

6 елдің үздіктері Шымкентте бас қосты. Бұнда «Алтын Мерген» деген атаумен нысана көздеуден халықаралық турнир өтіп жатыр.

Дәстүрге айналған байрақты бәсекеге биыл Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Беларусь мемлекеттерінің сұрмергендері жиналды. Бұған қоса еліміздің түкпір-түкпірінен келген өзіміздің қыз-жігіттер де бар. Әсіресе Париж Олимпиадасына жолдама алған Ислам Сәтпаев, Арина Алтухова, Александра Ле, Константин Малиновский және Никита Чирюкиндер бақ сынайды. 

Бас-аяғы 200-ден аса спортшы бір апта бойы өзара мықтыны анықтайды. Бәсекелестік өте жоғары. Өйткені қатысушылар арасында Олимпиаданың және Азиаданың, бұған қоса әлем чемпионаттары мен әлем кубоктарының жүлдегерлері жүр.

Шымкенттегі жарыста 25 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Халықаралық гран-придің жалпы қорытындысы 29 ақпанда белгілі болады.