Өскеменде жаңа стадион салынады

Шығысқазақстандық Әлтайыр Бақытұлы ел Президентінен футбол стадионын салып беруді өтінгені белгілі. 9 жастағы оқушы мұны Мемлекет басшысының жергілікті спортшылармен кездесуінде айтты.

Қытымыр қысы алты айға созылатын өлкеде жаз шықпай, далада жаттығу мүмкін емес. Көкмайса шөбі төселген манеж салынса, доп қуған талай өреннің шеберлігі толысары сөзсіз, – дейді өскемендіктер.

Президент баланың өтінішін қабыл алды. Әлтайыр Мемлекет басшысына күллі шығыс жастарының тілегін бүкпесіз жеткізді. Өскемен жұртшылығының футболға қызығушылығы Астана мен Шымкент тұрғындарынан кем түспейді. Қазір 7 жас ерекшелігі бойынша спорт секцияларында орын жоқ. Әлтайырдың әкесі 10 жыл бойы футбол мектебін қалыптастыруға күш жұмсап келеді. Несие алып, бапкер жалдап, шағын манежге сапалы газон төсеген. Жаттығудың өзіндік тәсілдерін әзірлеген. Талапшыл педагог аяқдопшылар күнделігін де жүргізеді.

Футбол мектебіне балалар 3 жастан бастап қабылданады. Спортқа жетік мән беретін Нидерландының өзінде балалар бұдан кештеу барады. Бірақ кәрі құрлықтағыдай үздік нәтижеге қол жеткізу үшін жыл бойы жаттығулар қажет. Ал Өскеменде жылы, жайлы жабық кешен болмай тұр.

Бақыт Сұлтанов, футбол мектебінің жетекшісі:

- Стадион болса, біздің футболшылар көп болады. Ол көп болғаннан кейін сапа да артады. Көлем мен негізі жақсы болады. Енді сол стадионның болғанын күтіп жүрміз.

Сонымен Өскеменде заманауи жабық манеж салынады. Бұл мәселені 9 жастағы Әлтайыр 1,5 минутқа созылған әңгіме барысында шешіп тастады. 

Әлтайыр Бақытұлы, футболшы:

- Президентпен жүздескенде, әрине, қобалжыдым. Аяқасты бірдеңе дұрыс шықпай қала ма деген уайым болды. Мемлекет басшысына өскемендік өрендердің бұйымтайын жеткіздім. Жалпы өзім болашақта «Барселона» клубында доп тепкім келеді.

Теңбіл допты серік еткен балалар ұлттық құрама футболшыларын үлгі тұтады. Бас команда алғаш рет Еуропа чемпионатының есігін қағып тұр. Спорттағы жетістіктердің арқасында функционерлер жасөспірімдер даярлығын арттыруға мән бере бастады.

Асқар Можанов, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Жыл аяғына дейін жер бөлу, жоба-сметалық құжаттарын реттеу секілді жұмыстарды аяқтауымыз керек. Премьер-лига командаларының ойыны да наурыз айының басында басталады. Сондықтан жаңа стадион салуды жеделдетеміз.

Мемлекет басшысының уәдесін алған жас футболшылар Президент қолтаңбасын қалдырған былғары допты бойтұмардай қастерлеп жүр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.