Ұлттық спортты серік еткендер қатары көбейіп келеді

Қазақстанның Ұлттық спорт қауымдастығы төл ойындарды танымал ету, халықаралық деңгейге көтеру және кәсіби спорт ретінде дамытуды мақсат етіп отыр.

Бұл бағытта 2029 жылға дейінгі тұжырымдама жобасы әзірленіп жатыр. Қазірдің өзінде қауымдастық құрамында 10 федерация бар. Ондағы ойыншылар қатары көбейіп келеді. Атап айтқанда, дәстүрлі садақ ату сайыстарына 3 мыңнан астам әуесқой спортшы қатысады. Ал тоғызқұмалақты 200 мың адам тұрақты түрде ойнайды. Аударыспақ спортымен 153 кәсіби және 1600 әуесқой спортшы айналысып жүр. Көкпарды 50 мыңнан астам ер адам серік еткен. Ал 200 құсбегі қазақтың атакәсібін дәріптеп келеді. Жамбы атуға 565 кәсіби спортшы қызығушылық танытса, бәйгеде 3 мыңнан астам шабандоз бабы мен бағын сынап жүр.