63,5. Рауан Игенев: Барлығын әділ шешеміз

Кешелі бері ұлттық құрама өкілдері халықаралық және әлемдік жарыстарда топ жарып жатыр.

Қоржынымызда 3 алтын

Әзербайжан астанасы Баку қаласында былғары қолғап шеберлерінің халықаралық турнирі мәресіне жетті.

"Ұлы Жібек жолы" деп аталатын жарысқа 11 елден 120-дан аса боксшы қатысты. Оның ішінде 11 ұлттық команда өкілі бар. Қазақстандық жігіттер 5 салмақта финалға шығып, 3 салмақта чемпион атанды.

Атап айтқанда, Талғат Сырымбетов, Дархан Дүйсебай және Сағындық Тоғамбайлар қарсылас шақ келтірмеді. Әсіресе Сағындық ақтық айқаста әлем чемпионы әрі олимпиада жүлдегері Лорена Альфонсоны жеңіп, кәдімгідей сенсация жасады.

Ал ұлттық құрама сапындағы Теміртас Жүсіпов пен Тимур Қабдешов финалдық кездесуде есе жіберіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұған қоса, бір қола жүлдеміз бар. Оны 86 келідегі Бекзат Таңатар жеңіп алды.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкормандалық есепте 3-орынға тұрақтады. Топ басында Өзбекстан боксшылары болса, екінші орынға алаң иелері яғни Әзербайжан жігіттері жайғасты.

Рауан Игенев: Барлығын әділ шешеміз

«Барлық боксшыға бірдей мүмкіндік береміз. Сонда ғана ешкімде артық сұрақ болмайды».

63,5 келінің үздігін іріктеуге арналған жарысқа қатысты Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игенев осындай пікір білдірді.

Бұл жөнінде Vesti.kz порталы хабарлайды.

Айта кетейік, орта салмақтың мықтылары сәуірдің 8-і мен 10-ы аралығында Астанада бас қосады. Іріктеу турниріне 6 боксшы қатысады. Яғни Мұхамедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов, Серік Теміржанов және Жандос Қыдыралиевтер шақырту алды. Бұған қоса, жоғары салмақта әлем чемпионатының жүлдегері атанған Дулат Бекбауов және жастар арасында жасындай жарқылдап жүрген Төрехан Сабырхан да келеді.

Әрқайсысының ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі бар. Сондықтан барлығына бірдей мүмкіндік береміз. Бұл әділ шешім деп ойлаймын. Қазір жарыстың форматын анықтап жатырмыз. Басты мақсат – Париж олимпиадасына жолдама алып, ел абыройын асқақтату, - деп сөзін түйді Игенев.

Айта кетейік, қазақстандық жігіттер олимпиададағы 7 салмақтың алтауында лицензия жеңіп алды. Тек осы 63,5 келіде жолдама жоқ. Астанада жеңіске жеткен боксшы мамыр айында Тайландта өтетін соңғы лицензиялық турнирге барады.

Miami open: Рыбакина финалға шықты

АҚШ-тың Майами қаласында теннистен WTA 1000 санатындағы турнир өтіп жатыр.

Жарыстың жартылай финалында қазақстандық Елена Рыбакина мен Беларусь өкілі Виктория Азаренко жолықты. Матч аса тартысты өтті. Нәтижесінде 6:4, 0:6 және 7:6 есебімен Рыбакина жеңіске жетті.

Айта кету керек, Виктория бір кездері әлемнің бірінші ракеткасы болды. Ал Елена қазір әлемдік рейтингте 4-ші тұр. Енді ол финалға жолдама алды. Бірақ келесі қарсыласы әзірге белгісіз. Белгілісі – ресейлік Екатерина Александрова және америкалық Даниэль Коллинздің біреуімен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Айта кетейік, Рыбакина былтыр да дәл осы Майамидегі турнирде финалға шығып, ақтық сында чехиялық Петра Квитоваға жол берген болатын.

Нұрқанат Серікбаев рейтингте көтерілді

Нұрқанат Серікбаев 12-орынға көтерілді. Қазақстандық дзюдошы жуырда ғана Грузияда өткен Grand Slam турниріне қатысып, алтын жеңіп алған болатын.

Соның арқасында олимпиадалық рейтингтегі жағдайын жақсартты. Яғни 60 келіге дейінгілер арасында 20-орыннан 12-орынға көтерілді.

Айта кетейіік, дәл осы салмақтағы басқа жерлестеріміз, атап айтқанда, Мағжан Шамшадин 23-ші, ал Елдос Сметов 25-орында.

Себептері де белгілі. Шамшадин жарақатына байланысты ірі жарыстардан сырт қалды. Ал Елдос Сметов болса, татамиге ұзақ үзілістен кейін оралып, әлемдік аламандарда жүлдеге іліге алмай жүр. Сәйкесінше, 21 жастағы Нұрқанат Серікбаев қазір олимпиада лицензиясын алуға бір табан жақын.

Отандық дзюдо федерациясының басшылары әлемдік рейтингте жоғары тұрған спортшыны Париждегі ойындарға жібереміз деген болатын.

Аслан Қаженов, 24.KZ