Елордада «Бірлік» марафоны өтті

Елордада «Бірлік жүгірісі» марафоны өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Екінші мәрте ұйымдастырылған шараға 2000-ға жуық әуесқой спортшы қатысты.

Биыл марафон елдің 15 өңірінде бір уақытта өтті. Жалпы спорттық шараға 15 мыңға жуық адам қатысты.

Сауалнама:

- Мені осы марафонға алып келген менің әкем. Менің әкем Қазақстан Гиннес рекордтар кітабына енген.

- Мен марафонға екінші рет қатыстым. Бірінші ретінде 2 шақырым қатыстым, ал бұл – 1,5 шақырым.

- «Спорт – денсаулық кепілі», – дейді. Жүгірген, секірген баланы қандай спортқа берсеңіз де, жетістікке жете алады.

- Жүгіргеніме бесінші жыл. Биыл 8-ші медаль. Үлгі көрсетіп жатырмыз ғой. Бірлік, тіршілік, аманшылық, денсаулық болсын.

Марафонға қазақстандықтармен қатар шетелдік азаматтар да қатысты.

Скендер Сыла, Қазақстандағы ДДСҰ Елдік кеңсесінің басшыс

- Бүгінгі марафонда 5 шақырым жүгірдім. Көңіл күйім тамаша. Салауатты өмір салтын дәріптеп жатқан азаматтарға алғыс айтамыз. Спортпен шұғылданған адамның ой-өрісі де бірге дамиды.

Желаяқтар түрлі қашықтықта бақ сынады. Алдымен 21 шақырымды жүгіретін спортшылар жарыс жолына шықты. Одан кейін марафоншылар қала көшелерімен жүгіріп өтті. Ал балалар 1 шақырым қашықта жарысып, сыйлыққа ие болды.   

Марат Әзілханов, ҚХА төрағасының орынбасары:

- Біз бұл шараны енді жылда өткізетін боламыз. 15 мың адам қатысса, Қазақстанда мұндай көлемде жүгіріс болған емес. Соны біз жалғастырамыз.

Элина Масагутова, республикалық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің директоры:

- Біздің Қазақстан халқы Ассамблеясы, Мәдениет және ақпарат министрлігі,  Астана қаласының триатлон федерациясы ұйымдастыруымен осындай керемет іс-шара Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өтті. Менің ойымша, біріншіден, денсаулығымыздың негізін қалаушы – спорт. Жақсы көңіл күй алып, денсаулыққа пайдалы күн өткіздік.

Шара соңында мәреге алғашқы болып жеткен жеңімпаздар арнайы медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлт саулығын нығайтуға бағытталған шара алдағы уақытта жалғасын табады.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Наурызбай Құрманғазы.