Қырғызстан бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады

Қырғызстан бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады.

Олар биыл қыркүйекте Астанада өтеді. Көрші елдің құрамасы үйлеріне жүлделі оралуға ниетті. Қырғыз атлеттері бұл спорт түрлерінен үздіктердің қатарында.

Қырғызстан көшпенді халықтардың этномәдени мұраларын сақтауға күш салып келеді. Сондықтан Елордада өтетін ойындарға қатысу көрші ел үшін аса маңызды. Қырғызстанның өзінде бұл жарыс үш рет ұйымдастырылған. Оған әлемнің түпкір түпкірінен жүздеген спортшы қатысты.

Қырғыз елінің спортшылары ат жарыстарынан мықты. Күреске де епті. Ордо не тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындарынан да үздіктердің қатарында. Әзірге ұлттық құрама толықтай жасақталмаған. Десе де көрші ел билігі атлеттерінің Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына міндетті түрде қатысатынын растап отыр.

Қырғыз ағайындар Астанадағы дүбірлі дода тек спорт ғана емес ол көшпенді халықтардың салт-дәстүрімен жақынырақ танысу үшін тамаша мүмкіндік дейді. Бұған дейін Қырғызстан мен Түркияда өткізілген ойындар туризмнің дамуына да септігін тигізген еді. Өйткені жарыстардан бөлек концерт, көрме секілді мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, туристер көптеп келетіні белгілі.

Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев