Астанаға ағылған алыптар

Әлем мықтылары Астанаға ағылып жатыр. Бұнда бүгін дзюдодан дүниежүзілік дода басталады.

Бұған қоса, бірер күннен кейін бокстан да халықаралық турнир тұсауын кеседі. Аталған жарыстарға дайындықтың барысы қалай және жалпы отандық спортқа қатысты қандай жаңалықтар бар.

Айбек Имашев: Кемі бір алтын алуымыз керек

Бүгін Астанада дзюдо жанкүйерлерді тағатсыздана күтіп жүрген әлемдік аламан басталады.

Жапон жекпе-жегі бойынша гранд-слэмге 84 елден 500-ден аса қатысушы жиналды.

Айта кету керек, бұл Париж олимпиадасы алындағы соңғы рейтингтік жарыстардың бірі. Сондықтан, небір мықтылар бағын сынайды.

Оның ішінде 3 дүркін олимиада әрі 12 дүркін әлем чемпионы франциялық Тедди Ринер бар. Бұған қоса, Рафаэль Сильва, Ан Баул, Акира Соне, Криста Дегучи және Джордж Фонсека сияқты жұлдыздар да татамиге шығады. Ал Қазақстан атынан Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин, Ғұсман Қырғызбаев және Ғалия Тынбаева секілді әлемдік жарыстардан жүлде алып жүрген қыз-жігіттер өнер көрсетеді.

Жоспар бойынша ұлттық командамыз кемі 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жеңіп алуы қажет. Бұл жөнінде Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев мәлімдеді.

Оның айтуынша, дәл қазір, яғни, олимпиада алдында спортшыларымзыдың кез-келген жетістігі және жинаған қандай да ұпайы аса маңызды рөл атқарады.

Айбек Имашев, Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры:

Айта кетейін, Қазақстан жарысты қабылдаушы ел ретінде әр салмақта 4 спортшыдан шығара алады. Сәйкесінше, негізгі құрамамыздан бөлек, екінші, үшінші және төртінші нөмірлі дзюдошыларымызға да әлемдік аламанда бақ сынап, тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік.

Жарыстың өзі 3 күнге созылады. Яғни, жалпы қорытындысы 12 мамырда белгілі болады.

Оно Шохей Қазақстанға келді

Оно Шохей түлкі тымақты баса киіп, тұлпарға тақым артты.

Дзюдодан 2 дүркін олдимпиада әрі 7 дүркін әлем чемпионы жапониялық Оно Шохей елімізге келіп, ұлттық құндылықтарымызбен танысып жатыр.

Мәртебелі мейманның шапан киіп, садақ тартып, құмай тазы құшақтап тұрған суреттері қазір әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қызу талқылануда. Бұған қоса, жапон жекпе-жегінің шебері Қарағандыдағы жаттығу залдарының біріне барып, жергілікті өрендермен шеберлік сағатын өткізді. Даңқты спортшының сабағына 1200-ге жуық жас дзюдошы жиналды.

Ол алдымен қазақ балаларына күрес кезіндегі техниканы жетілдіріп, такиканы шыңдаудың жолдарын айтты. Кейін өзінің икеміне келетін әдістерді көрсетті. Шеберлік сағатының екінші бөлігінде Оно Шохей жас дзюдошылардың сұрақтарына жауап беріп, еркін форматтағы әңгіме құрды. Суретке түсіп, қолтаңба берді.

11 спортшымыз лицензияға таласады

Палуандарымыз да дәл қазір лицензиялық жарысқа қатысып, соңғы мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысып жатыр.

Күні кеше Түркияның Стамбұл қаласында күрес түрлерінен іріктеу бәсекесі басталды. Әлемдік бәсеке. Париж олимпиадасы алындағы соңғы лицензиялық жарыс саналады.

Дүбірлі додада 11 спортшымыз бақ сынайды. Оның екеуі бозкілемге шығып үлгерді. Яғни, жарыстың алғашқы күні грек-рим күресі бойынша белдесулер болып, қазақстандық Дінмұхаммед Қошқар мен Юсуф Мациев бақ сынаған еді. Екеуі де финалдық кезеңге өте алмады. Десе де 67 келідегі Дінмұхаммедте жолдамаға қол созуға мүмкіндік бар. Ол бүгін 3-орын үшін күреседі.

Алдағы күндері еркін күрес пен әйелдер күресі бойынша да лицензиялар сарапқа салынады. Стамбұлдағы жарыс 13 мамырға дейін жалғасады.

Айта кетейік, бүгінге дейін қазақ палуандары күрес түрлері бойынша Париж олимпиадасының 7 жолдамасын жеңіп алды.

Ұлттық құраманың жаттығу жиыны

Бірер күннен кейін Астанада бокстан да байрақты бәсеке басталады.

Ересектер арасындағы елорда кубогына биыл кемі 7-8 елдің командасы қатысады деп күтіліп отыр. Біз үшін ең маңыздысы, бұнда ұлттық құрамамыздың өкілдері толықтай қатысып, олимпиада алдындағы дайындықты пысықтайды. Яғни, Астанадағы аламан Париж олимпиадасына дейінгі соңғы ресми жарыс саналады. Осыған байланысты лицензия алған жігіттер түгелдей елордаға жиналып, жаттығу жинын өткізіп жатыр.

Ұлттық команададағы екніші, үшінші және төртінші нөмірді боксшылар да осында келді. Олар жарысқа дейін негізгі құрамаға сппаринг қарсылас болып, шеберлік шыңдауға көмектеседі.

Ал 13-18 мамыр аралығында бәрі бірдей елорда кубогына қатысып, бас жүлдені сарапқа салады. Аталмыш жарыста Қазақстан құрамасынан бөлек, Өбекстан, Әзірбайжан және Жапония сиқяты елдердің де ұлттық командалары өнер көрсетеді белгілі болды.

Аслан Қаженов, 24.KZ