Семей медицина университетінің құрылғанына 70 жыл толды

Семейдегі медицина университетінің құрылғанына биыл 70 жыл толды.

Оқу ордасы осы уақыт аралығында 30 мыңнан астам маман дайындап шығарды. Қазір олар елімізде ғана емес, шетелдерде табысты еңбек етіп жүр.

Білікті медицина мамандарын даярлайтын оқу орнының 70 жылдығына орай «Экология. Радиация. Денсаулық» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Екі күнге созылған шараға Жапония, Үндістан, Ресей және өзге де мемлекеттердің профессорлары қатысты.  Жиында радиациялық экология саласындағы өзекті проблемалар мен бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағында тұрып жатқан халықты оңалту мәселелері жан жақты талқыланды.  

Нарияки, Хиросима университетінің профессоры:

- Мен бұл университетке 2015 жылы келген едім. Содан бері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз. Оқу орнының ғалымдарымен бірлесіп жануарларға иондық сәуленің әсерін зерттедік. Білім ордасының әлеуеті өте зор. 

Семейдегі медицина университеті еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі. 1953 жылы 1 қыркүйекте ашылғанда 320 студентті қабылдады. Қазір тек шетелден келіп оқитын студенттердің саны екі мыңға жуықтайды. Университетте 33 кафедра бар. Жеке емханасы, Өскемен және Павлодар қалаларында филиалдары жұмыс істейді. Білім ордасы 70 жыл ішінде 30 мыңнан астам студентке қанат қақтырған. 

Алтай Дюсупов, "Семей медицина университеті" КЕАҚ Басқарма төрағасы - ректор:

- Олардың ішінде Денсаулық сақтау саласының министрі бар, Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындарының ректорлары және жоғары дәрежелі дәрігерлер де болды. Олар бүгін тек қана Қазақстанда емес, сонымен қатар жақын және алыс шет елдерде абыроймен жұмыс атқаруда.

Мерекелік шара барысында оқу орнының бірқатар дәрігері, оқытушы мен профессоры «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов