Атырауда жастар форумы өтіп жатыр

Атырауда «Saraishyq upgrade» халықаралық жастар форумы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнайлы өңірге Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан елдері мен Батыс өңірінің жастары жиналды. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өтіп жатқан іс-шарада облыс басшысы жастарды форумның ашылуымен құттықтады.

Форум 4 бағыт бойынша өтіп жатыр. Қатысушылар кинематография, музыка, маркетинг және ақпараттық технологиялар саласының білікті мамандарымен пікір алмасып, жобасын ұсына алады. Астана мен Алматы қалаларынан келген спикерлер әр сала бойынша өз тәжірибелерімен бөліседі.

Дәулет Ақмұрзаев, маркетолог:

- Бүгінгі форумнан көп нәрсе күтеміз. Спикерлер өте мықты. Көп инсайд аламыз деген үміттеміз. Үлкен үмітпен келдік. Атырауда, бізге жақын жерде өтіп жатқаны өте ыңғайлы болды.

Жандос Айбасов, актер:

- Қазір дүниежүзі компьютерлік графиканы жақсы қолданады. Сондықтан қазақ киносына осындай салада жұмыс істейтін адамдар керек. Бұл жерде өз тәжірибемізбен бөлісу, дұрыс бағыт беру, осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.

Өңірде мұндай халықаралық форум соңғы рет 2017 жылы өткен. Креативті индустрияны дамытып, жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға арналған іс-шара 2 күнге созылады.

Дәурен Сейітқалиев, ұйымдастырушы:

- Қатысушылар өздеріне керек ақпаратты алу, соны өзінің бизнесінде болсын, өзінің мамандығында болсын, өзінің өмірінде пайдаланатын болса, біз ол негізгі нәтиже болып саналады.

Форумға 200 жас қатысып жатыр. Олардың біліктілігін арттыруда мұндай іс-шараның маңызы зор. Облыс әкімі енді халықаралық форумның дәстүрлі түрде өтетінін айтты.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев.