Курсанттар жайлы отандық сериал көрерменге жол тартады

Қазақстандық курсанттар жайлы отандық сериал көрерменге жол тартады.

Бүгін Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Құрлық әскерлерінің әскери институтына барып, Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орай түсіріліп жатқан телехикаяның шығармашылық тобымен кездесті. 1 апта бұрын басталған түсірілім әлі 3 айға созылуы мүмкін. 

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов тұп-тура 40 жыл бұрын өзі оқыған Құрлық әскерлерінің әскери институтында түсірілімі өтіп жатқан сериалдың шығармашылық тобына сәттілік тілеу үшін арнайы келген. Бұл сериалдың сюжетінде офицер болуды армандаған курсанттардың шынайы болмыс-бітімі көрсетіледі. Сондай-ақ ең қасиетті парыз саналатын Отан алдындағы борыштың өтелуі боямасыз баяндалады.

Дархан Сағындықов, актер:

- Курсанттардың өмірі қалай, олардың тамақ ішкенінен бастап арғы жақта парашют жинап, секіргені, полигонға барлығын бәрін көрсетеміз. Болашақ офицерлер қалай дайындалады, сол нәрсені біз де басымыздан кешіп жатырмыз. Шыны керек, өте қиын болып жатыр физикалық тұрғыдан.

Иә, шғармашылық топ бұл сериал қоғамда, оның ішінде әсіресе ер адамдар арасында сілкініс тудырады деген ойда. 42 минуттық 20 сериядан тұратын фильмның түсірілім толық Құрлық әскерлері әскери институтының қабырғасында өтеді. Актерлік құрамда кәсіби әртістермен бірге оқу орнындағы курсаттары да бар. 

Мұқағали Мырзамбетов, жобаның атқарушы продюсері:

- Әрбір актердің өзінің желісі бар бұл жобада. Біреуі өте тұйық, біреуі көңілді, біреуі шынымен де соғысты көріп келген. Заманауи уақытқа мүлдем сәйкес келмейді, бірақ барынша тырысады. Неше түрлі қызықты оқиғалар бар.

Айта кетейік, сериал еліміздің Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен түсіріліп жатыр. Телехикаяның премьерасы келесі жылы «Қазақстан» ұлттық арнасынан көрсетілмек.

Авторлары: Әйгерім Ердәулет, Бауыржан Сәлмек.