Ақтөбеде Еуропадан әкелінген тұқымның гүлдері қалаға әсем көрік берді

Ақтөбеде серіктестік 10 мың шаршы метрден астам аумаққа гүл егіп, жұртты таңқалдарды. 

Европаның бірнеше елінен тұқым жеткізіп, оны өсірген мамандар биыл облыс орталығының әсем келбетін арттыруға зор үлес қосты. Әрі алдағы уақытта да белсене еңбек етуге дайын.

Жұмагүл Омарованың гүл өсірумен айналысып келе жатқанына 20 жылдан асқан. Өзі жетекшілік ететін компания биыл Ақтөбенің абаттандыру ісіне кезекті рет үлес қосты. Нәтижесінде қаладағы әуежай алаңы мен Әлия Молдағұлова даңғылының бойы, орталық саябақ пен қаладағы ең зәулім мәдениет нысаны – өнер орталығының алды гүлге оранды. 

Жұмагүл Омарова, "Жасұлан Флора" ЖШС бас директоры:

- Келісім-шарт бойынша бізде Ақтөбеде 53 мың гүл отырғызуымыз керек болды. Ал енді мен осы 20 жылдай абаттандыру, көгалдандыру жұмысымен айналысып жүргесін қала әдемі болуы үшін біраз жерге гүл отырғызуға біз мәжбүр болдық. Содан бастадық, егіп кеттік. 10 мың квадрат метрден астам гүл егіп қойыппыз. 

Бұл істе тәжірибесі мол тараздық компания Ақтөбенің билігімен бекіген келісімде көрсетілген аумақпен шектеліп қалмай, 300 мың түп гүл еккен. Негізінен үлпек, райхан, тагетис, барқытшөп секілді көздің жауын алатын гүл түрлері егіліп, ала жаздай жайнап тұрды. Күтім жасап, өсірген де «Жасұлан флора» серіктестігінің қызметкерлері. 

Болатбек Қалиев, "Жасұлан Флора" ЖШС Ақтөбе филиалының жетекшісі:

- Биыл біздің көрген қиындығымыз су жүйесі. Өзіміз жаңартуға тура келді. Ол аз дегендей гүлдерімізге әртүлі насекомдар жабылып, олармен де күресуге мәжбүр болдық. Бірақ олардың барлығы енді артта қалды.

Компания өкілдері мемлекет басшысының жасыл желекті молайту, ішкі туризмді дамыту тұрғысындағы бастамасын іске асыруға да үлес қоспақ жоспары бар. Бұған тәжірибенің молдығын айтады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев