Батыстағы бірқатар ауылда спорт кешендері ашылды

Батыс Қазақстан облысының Тайпақ, Чапаев ауылдарында дене шынықтыру және сауықтыру кешені қолданысқа берілді.

Бұл нысандарда жасөспірімдер оннан астам спорт түрімен айналысады. Сонымен қатар ауыл тұрғындары да жаттығу залына барып, салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қоса алады.

Тайпақ ауылында жас волейболшылар осыған дейін мектептің спорт залында жаттығатын. Ол нысан тарлық етті. Әрі жаттығу кестесі де қолайсыз болды. Енді өрендер үшін дербес ғимарат берілді. Кешен кең, жылы. Қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Жасөспірімдер мұнда жарыстарға емін-еркін дайындала алады.

Асылай Әділетқызы, волейболшы:

- Біз осы ФОК-тың ашылғанына қуаныштымыз. Енді дайындығымызды одан сайын күшейте түсеміз деген үміттемін. Аудан, облыс көлеміндегі жарыстарға барған болатынбыз. Одан құр қол қайтқан жоқпыз.

Қос ауылдағы спорт нысанында волейбол, баскетбол, жекпе-жек түрлері мен үстел ойындары секциялары жұмыс істейді. Мұнда байрақты бәсекелер өткізуге де мүмкіндік бар. Бірі 160, екіншісі 320 көрерменге есептелген. Жобалар жер қойнауын игеруші компанияның әлеуметтік аударымдары есебінен қаржыландырылды.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында, әсіресе, ауылдың тұрғындарына бұқаралық спортпен айналысуына қолжетімділікті арттыру мақсатында берілген тапсырмалары аясында атқарылып жатқан іс-шаралар. Облыс халқының 30 пайыздан астамы бұқаралық спортпен айналысып жатыр. Біздің алдымызда осы бұқаралық спортпен айналысатын адамдардың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жоспарымыз тұр.

Соңғы 4 жылда облыста 11 дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынды. Қазір Тасқала мен Қазталов ауылдарында да осындай нысанның құрылысы жүріп жатыр. Қос жоба жүзеге асса, өңірдегі аудан орталықтарын спорт кешенімен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді.

Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов