Қазақстан флоты жаңа танкерлермен толықты

Еліміздің теңіз сауда флоты озық үлгідегі 2 танкермен толықты.

«Taraz» және «Liwa» деп аталатын су көліктері 8 мың тоннаға дейін мұнай тасымалдауға қауқарлы. Ақтау портында салтанатты қабылдау шарасы өтті. Кемелер «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы мен Abu Dhabi Ports Group арасындағы ынтымақтастық аясында алынды.

Танкерлер Нидерландта құрастырылған. Олар Мемлекет басшысының қазақстандық көмірсутек тасымалы экспортының бағыттарын әртараптандыру тапсырмасына орай алынды. Мұндағы мақсат – Транскаспий бағытында жүк ағыны көлемін арттыру. Жаңа су кемелері «Қазақтеңізкөлікфлоты» серіктестігі мен шетелдік компания құрған кәсіпорынға тиесілі.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Биылдан бастап алғашқы мұнайымызды Бакуге қарай, сосын Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша тасымалдау жұмыстарын бастадық. Енді осы мұнайға арналған жаңа 2 танкер сатып алынды. Біздің жалпы жоспарымыз – бірлескен кәсіпорнымызды әрі қарай дамыту. Соның ішінде танкерлер, басқа да кемелер бар контейнер таситын. Паромдар бар.

Биыл наурыз айынан бастап еліміз Ақтау-Баку теңіз бағыты бойынша жылына 1,5 млн тонна мұнай жөнелтуді бастады. Озық үлгідегі танкерлер қазақстандық тараптың бір жылда 750 мың тоннаға дейін мұнай тасымалдау міндеттемесін толық орындауға мүмкіндік береді.

Мұхаммед Джума Әл-Шамиси, ADP басқарма төрағасы:

- Бүгін Транскаспий бағытын дамытуға маңызды қадам жасалды. Бұл бірлескен кәсіпорын жаһандық логистика нарығына шығып, қызметін қарқынды дамытуға мақсат қойды. Флотын кеңейту де жоспарланған. Маңғыстау облысының әкімдігі екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екені бізді қуантады.

Жаңа танкердің біріне ежелгі қаланың құрметіне Тараз атауы берілді. Екіншісі, Біріккен Араб Әмірлігіндегі жасыл желек алқабының атауын еншіледі. Салтанатты шарада екі елдің әнұраны орындалып, су көліктері бортында мемлекеттік ту желбіреді. Кемелер желтоқсаннан бастап Бакуге мұнай тасымалдауға жұмылдырылады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.