Қызылорда облысының әкімі халық алдында есеп берді

2025 жылы Қызылорда қаласында жаңа жылу электр орталығы пайдалануға беріледі.

Түркиялық инвестор есебінен іске асып жатқан жобаның жалпы құны 215 млрд теңге. Бұл арқылы Сыр өңірі өзінен артылған электр қуатын аймақтан тыс аудандарға сату мүмкіндігіне ие болады. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев БАҚ өкілдері алдында есеп беру жиынында Қызылорда өңірінің өзге де әлеуметтік-экономикалық даму жобаларына тоқталды.

Сырдария-Арал бассейнінде су азайып барады. Ал Нарын-Сырдария бойында жинақталатын су көлемі 50 пайызға да жетер-жетпес. Өлкеде жыл сайын 80 мың гектардан астам алқапқа күріш егіледі. Дәнді дақыл өсіп-өнетін кезде диқандар су тапшылығынан қиналады. Бір өкініштісі, қыс мезгілінде суға қажеттілік жоқ кезде өзен арнасы суға толады.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

- 2025 жылы тез пісетін және суды аз қажет ететін жаңа сорттарға біртіндеп көшетін боламыз. Одан бөлек суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемін көбейтеміз.

Өңір басшысы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі шамамен 5 пайызға дейін төмендегенін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, "өңірлік жұмыспен қамту картасы" шеңберінде 26 мыңнан астам жас екі қолға бір күрек тапты.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі: 

- Жаңа жұмыс орындарын ашып жатырмыз. Ұлттық жобалар аясында жеке кәсіпкерлердің бастамасымен биыл 44 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Одан бөлек, Президентіміздің 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру тапсырмасы 11 айдың өзінде артығымен орындалды.

Алдағы 5 жыл ішінде өңірде жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын 65 зауыт пен фабрика іске қосылады деп жоспарланған. Нәтижесінде 9 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.

Мирлан Алтынбек