Батыстағы Теректі ауданында екі мектеп пайдалануға берілді

Тәуелсіздікке тарту.

Мереке қарсаңында Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында екі бірдей мектеп пайдалануға берілді. Үлкен Еңбек және Абай ауылдарының шәкірттері енді еңселі де жарық, су жаңа ғимаратта білім алатын болды. Жыл аяғына дейін өңірде тағы 7 мектепті тапсыру жоспарланған.

Орал өңірінде биыл білім беру саласында құрылыс қызу қарқын алды. 3 мектеп бұрыннан салынып жатса, осы жазда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 9, КПО компаниясының есебінен 15 шағынжинақты білім ордасының құрылысы басталды. Соның 17-і жыл соңына дейін тапсырылмақ. Тәуелсіздік күні қарсаңында ел игілігіне берілген Абай ауылындағы 108 орындық жаңа мектеп солардың бірі. 

Ерлан Арыстанов, Абай орта мектебінің директоры:

- Балаларымыз да өте қуанып жатыр, осы мектепке көшкенше асығып. Соның сәті бүгін түсіп жатыр. Жиһаздармен жабдықталған жаңа мектебімізге 53 компьютер берілді, 12 ноубтук берілді. Соның барлығы біздер үшін үлкен қуаныш.

Раушан Исанова, Абай ауылының тұрғыны:

- Үлкен рахмет! Бұл мектепте барлық жағдай қарастырылған, барлық кабинеттер бар. Өте жақсы үлгідегі қыздар шеберханасы, кітапхана, барлығы заманауи үлгіде. Енді осы мектепте біздің балаларымыз сапалы, саналы білім алады деген ойдамын.

Дәл осындай қуанышқа Үлкен Еңбек елді мекенінің тұрғындары да кенелді. Бұған дейін ауыл балалары 1964 жылы салынған ескі ғимаратта оқып келген еді. Салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы ауыл мен қаладағы білім сапасында айырмашылық болмауы керектігін атап өтті.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Мінеки 12-мектепті қазір ашқалы отырмыз. Енді қалған 5 мектепті жылдың аяғына дейін аяқтап, тұңғыш рет облыс көлемінде бір жылда 17 жаңа мектептің есігін ашатын боламыз. Бұл жұмыстарды біз әрі қарай жалғастыратын боламыз. Қала мен ауылдың арасында білімінде айырмашылық болмауы керек. Барлық жерде балаларымыздың дұрыс білім алып тәрбиеленуі үшін жағдай жасауымыз керек.

60 орындық білім ордасы 10 пән кабинеті мен спорт залы, 2 шеберхана, асханамен жабдықталған.

Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов