Талдықорғанда Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш орнатылады

Ол келер жылы Республика күні қарсаңында ашылады.

Бұл туралы желтоқсаншыларды марапаттау іс-шарасына қатысқан Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді.

Жетісу облысындағы желтоқсаншылардың бірі – Кербұлақ ауданының тұрғыны Мәрия Рысбекова. Ол 1986 жылы Алматы қаасындағы жаңа алаңға шыққан жастарға қолдау білдіріп, Талдықорғандағы толқуды ұйымдастырғаны үшін қудалау көрген.

Мәрия Рысбекова, «Жетісулық желтоқсаншылар» қоғамдық қорының мүшесі:

- Жастарды қолдайық, олар таяқ жеп, анау жақта азап шегіп жатқанда біз бекер қарап отырмайық деген үндеу салғам. Ертесіне бүкіл қала жастары алаңға шығып келе жатты.

1986 жылы көптеген қазақ жастары азаттық жолында жанын қиды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұрғыда «16 желтоқсан тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтуі керек», - деген болатын.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

- Астанада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Желтоқсан оқиғасына біз, өкінішке қарай, деді, әлі күнге дейін толық саяси баға берілген жоқ», - деді. Бұл бұрын-соңды айтылмаған.

Ермұхан Жүнісханұлы, «Жетісулық желтоқсаншылар» қоғамдық қорының төрағасы:

- 37 жылдан бері аңсап жүрген ескерткішіміз, Құдай қаласа, 2024 жылы бой көтереді осы Талдықорған қаласында. Сонымен қатар бізде осы жылы 90 адам курортқа барып демалып қайтты.

Жетісуліқ желтоқсаншылардың шипажайда тынығып қайтуы үшін жергілікті бюджеттен 12 млн теңге бөлінген. Қазір олардың қаладағы емханаларда тегін қызмет алуы, сонымен қатар қоғамдық көліктерде тегін жүріп-тұруы сияқты мәселелер қызу талқыланып жатыр. Болашақта Талдықорғанда «Желтоқсаншылар саябағы» ашылатынын да айта кетейік.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев.