Өзбекстанға дайын өнім экспорттау артты

«KazakhЕxport» көмегімен шетелге экспортталатын қазақстандық дайын өнім саудасы артып келеді.

Биылғы 11 айда компанияның сақтандыру шарты аясындағы қаржылай қолдауы 126 млрд теңгеге жуықтаған. Оның 40 пайызы Өзбекстанмен жасалған экспорттық келісім-шарт болып отыр. Еліміз күнгейдегі көршімізге май, ет, кондитерлік өнім және ұн ғана емес, құрылыс және металл заттарын көптеп жөнелте бастаған. Бұған бірінші кезекте «KazakhЕxport» тікелей қолдауы әсер етті.

«KazakhExport»-тің қазақстандық және өзбекстандық банктермен бірлесіп ұсынатын сақтандыру шарты екі жаққа да тиімді. Әуелі отандық экспорттаушының жолындағы тәуекел жойылады. Ол тауарын жөнелткен бойда кепілдендірілген төлемге қол жеткізіп, ал өзбекстандық сатып алушы қарызды бөліп төлеу мүмкіндігін иемденеді. Биыл Өзбекстан «KazakhExport» қызметі аясында еліміздің басты импорттаушысына айналды.

Ернұр Көшкінбаев, «Kazakhexport» АҚ-ның аймақтық менеджері:

- Өзбекстан еліміздің экспортын дамыту тұрғысынан біздің компанияның басты серіктесі болып табылады. Соңғы 2 жылда Өзбекстан Республикасымен отандық кәсіпкерлердің арасындағы сауда-саттықты сақтандыру шеңберінде «Қазақэкспорт» көмегі 100 млрд теңгеден асты.

 Бұл дегеніміз қазақстандық дайын тауарға шетелде сұраныстың артқанын білдіреді. Демек экспортты қолдау шаралары нәтиже беріп жатыр.Әсіресе төлемді сақтандыру мен сатып алушыларды жергілікті банк арқылы қаржыландыру оң ықпал етуде. Қазір компанияның өңірлер мен бірқатар елде өкілдері бар. Олар тауарды өндіруші мен импорттаушы арасында тиімді келіссөз жүргізуге көмектеседі.

Қайыржан Наурызғалиев, «Терра» компаниялар тобының тең құрылтайшысы

- Ауылшаруашылығы бизнесі секілді бізге де бастапқыда сақтандыру көмегі жетіспеді. Жылына 2-2,5 млрд теңгенің өнімін ғана экспорттап келдік. Қазақэкспорттың қолдауын алған соң 2023 жылды екі есе артық көрсеткішпен аяқтап отырмыз. Қазір экспортымыздың көлемі 5-6 млрд теңге деңгейіне жетті.

Өткен жылдан бері Өзбекстан «KazakhExport»-тың сақтандыру міндеттемесі жөнінен көш бастап тұр. Ал биылғы 11 айда экспорттық келісімдер құны 50 млрд теңгеге жуықтады. Оңтүстік көршімізге қазақстандық дәстүрлі азық-түлік өнімдерімен қоса, құрылыс қоспасы, аккумулятор, металл, арматура және басқа да дайын тауар саудасы ұлғайған.

Рауан Мыңбаев