Астанада әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтығы таратылды

Астанада әлеуметтік аз қамтылған 1000-нан астам отбасына азық-түлік жиынтығы табысталды.

Елорда әкімдігі демеушілермен бірлесіп қайырымдылық күні осындай игі іс жасады. Ал оны арнайы тізім бойынша анықталған жанұяларға жеткізуге еріктілер көмектесті.

Бүгін несібелі болғандардың қатарында бес баланың анасы Роза Сырбекова да бар. Тосыннан келген сыйға ол ерекше қуанғанын айтады.

Роза Сырбекова, көп балалы ана:

- Бүгінгі мынау Наурыз мерекесіне орай азық-түлік әкел жатыр екен. Мына еріктілерге рахмет. Мынау Қазақ ойл компаниясына көп рахмет. Мейрам сайын елеп ескеріп отыратын аудан әкімдігіне, аудан әкімдігіне көп рахмет айтамын.

Қала әкімдігі мұндай игі шараларды жиі ұйымдастырып тұратынын жеткізді. 

Қуаныш Молдабек, Астана қаласы әкімінің кеңесшісі:

- Себеттерді әлеуметтік осал топтарды азаматтарға, көп балалы аналарға, толық емес отбасыларға, асыраушысыз қалған отбасыларға мүгедектігі бар отбасыларға, ерекше бала тәрбиелеп отырған азаматтарға және де осал топтағы мұқтаж азаматтар алатан болады. Осымен біз тағы да айтқым келеді қазақ ойл компаниясы, өзінің бизнестік әлеуметтік бизнес жауапкершілігін көрсетуде.

45 келі тартатын себетті еріктілер жылдам жеткізді. Ұлыс мерекесі қарсаңында жасалған қайырымдылық шарасына әкімдікпен қатар демеушілер де ат салысты.

Нұрсила Күншығарова, "Qazaq Oil" маркетинг бөлімінің бас менеджері:

- Қазақ ойл компаниясы бүгінгі таңда әкімшілікпен бірлесе отырып, осы науқанға демеушілік көрсетіп отыр. Және де басқа да жеке компанияларға осындай демеушіліктерді ұсынамыз. Шақырамыз демеуші болуға. 

Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қайырымдылық көрсету қазақтың қанында бар қасиет. Сондықтан мұндай игі іс әлі де жалғасын таппақ.

Айнұр Қуатқызы, Ерлан Наурызбаев