KPI зауытында Наурыз мерекесі тойланды

Атыраудағы полипропилен өндіретін зауытта Наурыз мерекесі тойланды.

Кәсіпорын ел экономикасын дамытуға ғана емес, ұлттық құндылықтарды насихаттауға да үлес қосып келеді.

Ақшаңқан киіз үй, ән мен күй, ұлттық киім киген зауыт қызметкерлері. Барлығы да жақсылыққа толы жаңа жылдың жаршысындай. Бүгін бәрі арқа-жарқа боп, бір-бірімен көрісті. Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Киіз үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамнан дәм татты. Әлемдегі ең ірі он зауыттың бірі саналатын кәсіпорын биыл да Наурыз мерекесін ерекше атап өтті. 

Болат Әбдуәлиев, "KPI" ЖШС Бас инженері:

- КРІ компаниясы тек қана өндіріске емес, ұлттық құндылықтарға, ұлттық мейрамдарға үлкен көңіл бөлеміз. Өйткені ұлттық идея болмай, қазақтың экономика дамуы мүмкін емес. Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылғандай Наурызды, ұлттық мейрамның деңгейін жоғарылату керек. Біз КРІ компаниясы 18-і ұлттық киімі күнін таңдап, тойлап жатырмыз. 

Зауыт қызметкерлері ұлттық ойындарды да жаңғыртты. Мықтылар қой көтеріп, арқан тартып, ептілер ләңгі теуіп жарысты. Үздіктері марапатталды. 

Ерназар Құлназаров, "KPI" ЖШС жобалық-атқарушылық құжаттама бөлімінің басшысы:

- Біз компаниямыз көріп тұрғандай тек өндіріс емес, әлеуметтік жағдайымызға да қарайды. Жұмысшылардың тұрмысына, көңіл күйіне көңіл бөліп, басшылықтар жұмыстарын көрсеткендерге қолдау жасайды. Көріп тұрғандай, міне киіз үй құрып, әрдайым мейрамдарымызды осылай атап өтуге тырысамыз.

Қазір КРІ зауытының өнімдері Қытай, Еуропа, Ресей мен Түркияға экспортталып отыр. Жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт ел экономикасымен қатар ұлттық құндылықтарды дамытуға да елеулі үлес қосып келеді. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов