Шымкентте экоакция бұқаралық сипат алды

Шымкентте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы «Өнегелі ұрпақ» апталығымен жалғасты.

Тұрғындар таңнан бері қаланың 18 жерінде тазалық жұмыстарын жүргізді. Күл- қоқысты жинап, ағаш-тал екті. Акцияға қатысушылар бес аптаға жоспарланған жалпыхалықтық науқан дәстүрге айналады деп сенеді.

Зейнеткер Рәтбек Амангелдіұлы экологиялық науқанға немересін ерте келді. Әр адам туған өлкесін көгалдандырып, таза ұстауға үлес қосу керек дейді. Баланы еңбекке ынталандыру ұшін, барлық жұмысты бірлесе атқарып, үлгі көрсетті. Ағаш түбін қопсытып, жер тырмалап, қоқыс жинады.

Рәтбек Амангелдіұлы, қала тұрғыны: 

- Әр ата-ана, әр ата-әже өзінің немерелеріне, балаларына отбасында осындай тазалыққа үйретсе біз таза Қазақстанның, мәдениетті Қазақстанның ұрпағын тәрбиелейміз деп ойлаймын.

«Абай саябағында» өткен жалпыхалықтық акцияға төрт жүзге жуық адам қатысты. Олар талдардың түбін әктеп, артық өскіндерді қырқып шықты. Ұйымдастырушылар тарапы «сенбілікке қатысушылардың қатары апта сайын артып, бұқаралық сипат алғанын» айтады. 

Бақтияр Өнербаев, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы:

- Ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сауалнамалар жүргізіліп жатыр. Сондықтан апта сайын осы шыққан халықтың саны артып келе жатыр. Қаламыз таза болып, бір еңсесі көтеріліп, жап-жақсы боп қалды.

Жалпы жұрттық науқан әрі қарай бес ауданның аумағында жалғасты. «Достық ауласы» ұранымен 18 бірдей тұрғын үй секторында тазалалық жұмыстары жүргізілді. Пәтер иелерінен бөлек, қоғам белсенділері, спорт саңлақтары мен мәдениет майталмандары да көпке үлгі болып,   көшені абаттандыруға үлес қосты.

Жалпы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кешкі 17:00-ге дейін жалғасты. Келесі апта «Мөлдір бұлақ» атауы бойынша жаппай сенбілік ұйымдастыру жоспарланып отыр. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов