Қонаев қаласында Жеңіс күніне арналған мерекелік шара өтті

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласындағы орталық саябақта ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік шара өтті.

Ол Даңқ мемориалына гүл шоғын қою рәсімінен және майдан даласында шейіт болған боздақтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Алматы облысынан 40 мыңдай адам майдан даласына аттанды. Ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен 20 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, облысымыздың 6 тумасы «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

- Қан майданның ыстық оты әрбір отбасын шауып, орны толмас қайғы мен қасірет әкелді десек артық айтпаймыз. Жерлестеріміз әскери антына берік болып, жауынгерлік міндеттерін атқаруда қаһармандық танытты. Біздің бүгінгі басты міндетіміз – осындай аға буынның сұрапыл соғыс жылдарындағы ерліктерін барынша дәріптеу.

Өңір бойынша бүгінде 7 Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері қалды. Олар – Тәңірберген Толғанбаев, Федор Ковалев, Солтанбай Жарықбасов, Оксана Бетебаева, Павел Половой, Алим Кебиров, Вячеслав Легостаев сынды зұлмат соғысты бастан кешкен ата-апаларымыз.

Бұлын Рамазанова, тыл ардагері:

- Құттықтап келгеніңе мың да бір рақмет! Ғұмыр жасың ұзақ болсын! Бала-шағаңның қызығын көр! Өзіңнің де әке-шешең бар шығар. Аман болсын! Әкемізді соғысқа алып кетті. Шешеміз сол совхоздың малын бақты. Соған көмекші болып, бұзауын жайып, сиырын саудық.

Алматы облысында 2,5 мыңнан астам тыл еңбеккері бар. «Екінші дүниежүзілік соғыс және тыл ардагерлерінің ешқайсысы мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығынсыз қалмайды. Өйткені ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі», – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов.