Хабар 24
LIVELIVE

Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сөз сөйлейді

  • 223
  • Media
Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сөз сөйлейді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары жалғасып жатыр. Бүгін Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысады.

Бүгін қазақ елі үшін тағы бір тариxи күн. Санаулы сәттерден соң Елбасы БҰҰ ҚК-нің отырысында сөз сөйлейді. Бүгінгі жиынға «Жаппай қырып жою қаруын таратпау: сенім шаралары» деген айдар тағылып отыр. Айта кету керек, қаңтар айында Қазақстанның бұл іргелі ұйымға төрағалығы басталып кеткен болатын.

Осы аралықта ресми Астана барлық бағытта жұмысты жандандырды.

Жалпы, Қазақстанның басты қағидалары мен ұстанымдары Қауіпсіздік кеңесімен үндесіп қана қоймай, жан-жақты қолдау тапты. Мәселен, қазақ елінің жаппай қырып-жою қаруын таратпауға бағытталған қадамдары мақтанарлық.  Қазақстан ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет. Демек ядролық қауіпсіздікке біздің елдің қосқан үлесі орасан. Сондықтан биік мінбеден Елбасы зұлмат қарудан бас тартып, бейбітшілікке тағыда үн қосады деген сөз. Бұл бастама «Әлем: ХХІ ғасыр» манифесімен астасқан. Бүгін пікірталас барысында зұлмат қаруды таратпаудың негізгі мәселелері егжей-тегжейлі қаралады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек Президент тағы екі бағытқа басымдық береді. Әңгіме шиеленісті доғару және сенім шаралары бағытында өрбімек. Онсыз тағы болмайды. Өзара сенім мен түсіністік болмаса, түйткілдің түйінін тарқату оңайға соқпайтыны белгілі. Кейде Қауіпсіздік кеңесінің өзіне де ауызбірлік жетіспей жатады. Сондықтан сарапшылар Елбасы өзара сенімге негізделген диалог орнатуға ықпал етеді деген үмітте. Бұл орайда ымырадан ырыс іздеген Астана процесінің нәтижелері көпшіліктің көңілін көншітті. Ал әзірге айтарымыз, бұл отырысты әлем жұртшылығы тағатсыздана күтіп отыр. Халықаралық саxнада беделі мықты Қазақстаннан дүйім жұрттың күтер үміті көп. 

Авторлары: Мұxтар Ыбырайым, Жандос Битабаров

back to top