Хабар 24
LIVELIVE

Abu Dhabi Plaza кешенінен 400 жұмысшы босатылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды

  • 271
  • Media
Abu Dhabi Plaza кешенінен 400 жұмысшы босатылды деген ақпарат шындыққа жанаспайды ZTB.kz

Елордадағы белгілі құрылыс нысаны Abu Dhabi Plaza кешенінің 62 жұмысшысы бір күнде қысқартылды. Олар таңда кезекті қызметіне келіп, күзетшілер еңбек алаңына өткізбей қойған кезде бір-ақ білген. Ал кейбір дерек көздерінде жарияланған «400 жұмысшы деген» ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықты.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Астана қаласының еңбек инспекторлары кеше сонда болып, қызметкерлермен және жұмыс берушілермен сөйлесіп, тағы да 1 рет жұмыс берушілермен жұмыс істеген азаматтарға қолдарына осы жұмыстың біткені туралы ақпаратты беру керек екені жөнінде, екіншіден, 1 айлық еңбек ақысын компенсация түрде беру керек екені жөнінде келісімге келді.          

Ермек Оспанов, қалалық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

- Мәселені көтерген 62 ғана адам. Сол 62 адамның әрбір айтқан сөзі ерекше. Біз олардың сұрақтарын, арыздарын алдық. Толық алдық. Не үшін кетіп отыр. Қандай маман. Осы күнге дейін не істеді. Ертең қандай жұмыс істеу керек. Қашан арыз қойды. Сен неге қол қоймадың. Соның бәрін жинадық та, іскерге тапсырдық.

Қалалық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ермек Оспановтың айтуынша, құрылысшылар штаттан тыс жеке-дара келісімдер бойынша жалданып еңбек еткен. Еңбек көлемінің азаюына байланысты қысқартуға ұшырағаны да сондықтан. «Оның үстіне жұмысшыларды субмердігерлер алдын ала ескертпеуі мүмкін, ал ескертілгендері белгіленген мерзімде жұмыстан босатылатыны туралы шартқа қол қоюдан бас тартқан», дейді қаланың бас еңбек инспекторы. Осы жағдайға қатысты арнайы құрылған жұмыс тобы мәселенің анығы алдағы аптада толық шешіледі деп сендіріп отыр. 

Айта кетейік, өткен жылы Abu Dhabi Plaza құрылыс нысанында 3 мыңға жуық шетелдік қызметкер қысқартылса, еңбек көлемінің азаюына байланысты 4 мыңнан астам қазақстандық жұмыстан босатылды.

back to top