Хабар 24
LIVELIVE

Сенат депутаттары МЖӘ саласындағы олқылықтарды атады

  • 513
  • Media
Сенат депутаттары МЖӘ саласындағы олқылықтарды атады

Жергілікті жерлерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселесімен айналысатын нақты мекеме жоқ. Ал облыстық әкімдіктерде тиісті басқармалар бұл іспен шұғылданғанымен, саланы жетік білетін мамандар жоқтың қасы. Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы құрылғанымен, түйткілдерді түбегейлі шешіп жатқан жоқ. Облыстарда консультациялық қолдау мекемелері де ашылған, бірақ олардың да жұмысы көңіл көншітпейді.

Бүгін Сенаттың комитет отырысында депутат Сәрсенбай Еңсегенов осындай бірқатар олқылықты жіпке тізіп берді. Мәселен, бүгінге дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жергілікті жерлерде 125, ал республикалық деңгейде бар-жоғы 4 жоба нақты іске асқан. Сенатордың пікірінше, бұл көрсеткіш өте төмен. Сондай-ақ бағдарламаға қатысқысы келетіндерге банктен берілетін несиенің үстемақысы да жоғары. Бұл саланың дамуына кедергі келтіреді. Олқылықтарды түзеу үшін халық қалаулылары қолданыстағы заңнамаға саланы жетілдіру бойынша бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынып отыр.

Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Облыстық әкімдіктерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселесі барлық басқармаларға бөлініп берілген. Бірақ олардың бұл мәселемен айналысатын осы саланы жетік білетін мамандары жоқ. Бұл басқармалардың өз жұмыстары бар. Өз жұмыстарынан босамайды. Сондықтан оны іске асыру үшін қазіргі кезде жергілікті жерлерде арнайы бөлім немесе арнайы басқарма құру қажеттігі айтылып отыр. Шын мәнінде аудандық деңгейде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жөнінде мүлде түсінік жоқ деп айтуға болады.

back to top