Хабар 24
LIVELIVE

Елбасы әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

  • 651
  • Media
Елбасы әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

Мемлекет басшысы барша ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

«Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке екенін айтып, ұрпақ тәрбиесі аруларға тікелей байланысты екенін сөз етті. Бүгінгі жаһандану заманында қазақ қызына тән асыл қасиеттерді сақтап қалу маңызды. Әрбір ару дәуірдің жақсысын бойына сіңіріп, жаманынан жирене білу керек. Себебі бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Осыны есте сақтау ләзім», – деді Президент. Елімізде есімдері ел мақтанышы айналған нәзікжандар баршылық. Бүгінде әйелдер табысқа жетпеген кәсіп жоқ. Елімізде мемлекеттік қызметкерлердің тең жартысы, депутаттардың үштен бірі – нәзік жандылар. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев жуырда жариялаған әлеуметтің әлеуетін арттыратын 5 түрлі бастаманың баршаға шарапаты тиетіндігіне назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ардақты аналар, аяулы арулар! Ең алдымен баршаңызды көктем ала келген халықаралық әйелдер күнімен шын жүрегімнен құттықтаймын. Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке екенін білеміз. Қазақта «Ұл туса, ұрпағым өседі, қыз туса, ұлтым өседі» деген ұлағатты сөз бар. Ұлы даламызда есімдері ел мақтанышына айналған ардақты аруларымыз аз емес. Әйел әсемдік пен әдеміліктің көрегендік пен көркемдіктің, береке мен бірліктің символы болып табылады. Біздің халқымыз «Даналардың өзі аналардан жаралады», – деп бекер айтпаған. Гендерлік саясат пен феминизм дәстүрі қазақ мәдениетіміз үшін ешқашан жаңалық болған емес. Дала өркениетінің негізін қалаған бабаларымыз қыздарды қадірлеуді о баста өмір салтына айналдырған. Әйелдер қауымы мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында аянбай еңбек етуде. Қазіргі жаһандану заманында қазақ қызына тән асыл қасиеттерді сақтап қалуымыз керек. Интернет дәуірінде сырттан ағылған ақпараттар тасқынына біржола шектеу қою мүмкін емес. Оның арасында халқымыздың жан дүниесіне жат, сан түрлі мағлұматтар бар. Әрбір қазақтың қызында дәуірдің жақсысын бойына сіңіріп, жаманын жиреніштей ішкі сүзгі болуы керек. Себебі бүгінгі бойжеткен ертеңгі ана, ұрпақ тәрбиелеуші екенін қыздарымыз ұмытпаса ләзім. Қазіргі қазақтың қыздары қандай болса, ертең тұтас ұрпақ сондай болады. Сондықтан ар-намыс, адалдық пен адамгершілік, ізгілік пен қайырымдылық, әдептілік сияқты қасиеттер қазақ аруының бойындағы ұлттық иммунитет іспетті. Біз аруларды ардақтап, оларды киелі шаңырақтың алтын діңгегіне айналдырған елміз. Бір заманда бабаларымыз «Әйел – ырысың, қыз – өрісің, келін – тынысың» деген. Бүгінгі сіздер ұлыстың ұйытқысына, ұлттың ұятына, берекенің бастауына айналдыңыздар. Себебі біз тәуелсіз елде тұрып жатырмыз. Саясаттың бәрін өзіміз шешіп жатырмыз. Татулық пен тұрақтылықтың бағасын ақ жаулықты аналардан басқа ешкім білмейді. Бүкіл әйелдің ақ тілегінің арқасында шаттық шуағына бөленіп тұр. Ана мен бала мәселесі біздің назарымыздан ешқашан тыс қалған емес. Мен алдыңғы күні өздеріңіз естіп білдіңіздер, халыққа үндеу жолдап, бес әлеуметтік бастама ұсындым. Әрбір отбасына, жастарға, сонымен бірге әйелдерге де бұл бастаманың шарапаты тиеді. Себебі онда айтылған мәселелердің барлығы әйелдерге тікелей қатысты. Баспананы әрбір отбасына қолжетімді ету, білім гранттарын күрт көбейту, шағын несие беру және басқа әлеуметтік мәселелер қамтылғанын білесіздер. Яғни Президенттің бес әлеуметтік бастамасы сіздерге арналған. Сондықтан да мен ол бастаманы әдейі көктемнің ең шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жарияладым. «Әйелдерсіз күн көруге болады, бірақ көрген күнің күн болмайды» деген екен Қадыр ақын. Сіздер әрдайым ер-азаматтарға қолқанат болып, оларды үнемі қолдап келесіздер. Қазақта «Еркек қайламенен бұза алмағанын, әйел айламенен бұзады» деген нақыл сөз бар. Сондықтан тәуелсіз мемлекетімізге сіздердің көмектеріңіз әрқашан қажет деп ойлаймын. «Әйелдерді сөйлетудің амалы көп, бірақ сөйлетпеудің ешқандай тәсілі жоқ», – дейді қазақ. Біздің қоғамда сіздер әрдайым еркін пікір айтып, ел ісіне етене араласуға тиіссіздер. Жандарыңыз өте нәзік болғанымен, қайраттарыңыз ер-азаматтан еш кем түспеген. Осыған орай, жұрт «әйел қаласа, еркектен бәрін алады, тіпті фамилиясын алады», – дейді. Қазіргі көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қыз-келіншек, аяулы жар, асыл ана әрі білікті маман болуды қалайды. Ол өте дұрыс.

Мереке қарсаңында Мемлекет басшысы бірқатар көпбалалы анаға алтын және күміс алқа табыстады. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп, ұлттың ұйытқысы болып отырған аяулы аналарға ілтипат білдірді. Сондай-ақ ұрпақ санын арттыру – еліміздің стратегиялық мақсаты екенін еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құрметті ханымдар! Сіздер бүгін ердің ғана емес, бүкіл елдің тірегі болып отырсыздар. Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де өздеріңіздер. Ақыл мен парасат, сұлулық пен сымбат бойларыңыздан әрқашан табыла берсін. Шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын! Құттықтауды тағы бір іс-шарамен қорытындылайын деп отырмын. Бүгін Қазақстандағы батыр аналардың қатары толыға түспек.

Айгүл Түзелбаева, алтын алқа иегері:

– Мен біріншіден барлық аналар атынан сізге шексіз ризашылығымды білдіргім келіп отыр. Кешегі бес бастама әрбір отбасыға қуаныш, береке алып келді. Біз өз басымыз қатты қуандық. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Сіз аман болыңыз, еліміз аман болсын!

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Халқымыздың болашағы – ұрпақтарымыз көп бола берсін. Жыл сайын Қазақстанда 400 мың бала дүниеге келіп жатады. Солардың барлығының жастары ұзақ болсын! Тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын! Сол жасөспірімдердің өміріне қызмет ететін болсын! Отанын көздің қарашығындай қорғап, елін сақтайтын болсын!

Құрметті көрермендер! Елбасының қатысуымен өткен 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шараның толық нұсқасын ертең сағат 19.30-да «Хабар» телеарнасынан көре аласыздар.

back to top