Хабар 24
LIVELIVE

Еліміз бойынша 14 млн 700 мың гектарға дәнді-дақыл себіледі

  • 209
  • Media
Еліміз бойынша 14 млн 700 мың гектарға дәнді-дақыл себіледі

Көктемгі дала жұмыстары дер кезінде басталуы тиіс.

Науқанға қатысты міндетті іс-шаралар түгелдей жасалды. Жанар-жағармай, тыңайтқыш пен тұқым мәселесі де шешілген. Бүгін Үкімет отырысын өткізген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев осылай деп тапсырма берді. Биыл еліміз бойынша 14 млн 700 мың гектарға дәнді-дақыл себіледі. Жалпы егістік алқабының көлемі 22 млн гектарға жуық.

Елімізде құрылған мыңға жуық кооперативтің тек жартысы ғана жұмыс істеуге дайын. Ал қалғанында тиісті техника да, құрал-жабдық та жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, саны бар, сапасы жоқтар самсап тұр. Кооперативтер тек субсидия берумен шектеліп қалмай, оның орнына қолынан іс келетін азаматтардың басын қосып, өнім шығаруға ден қоюы тиіс. Бұл жайында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын қараған Үкімет отырысында айтылды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, кооперативтер әлі дами алмай отыр.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Кооперативтерді құру бойынша негізгі көрсеткіштердің орындалуына қарамастан ауылшаруашылық өнімдерін дайындау төмен деңгейде қалып отыр. Жаңа құрылған кооператив 294 мың тонна өнім дайындауға тиіс болған. Алайда нақты дайындалған өнім көлемі 133 мың тоннаны құрады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері де кооперацияны құрушылар өз жұмысының нақты немен айналысуы қажеттігін әлі де түсінбейтінін айтады. Яғни бағдарламаның негізгі тетіктерін білмейді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, аз жұмыстан көп қаржы тапқысы келеді.

Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

- Кооперативтердің жартысынан көбі жұмыс істеп, нақты өндіріс атқарып жатқан жоқ. Бір литрге 10 теңгеден субсидия тарату таратумен айналысып жатыр. Жоспарлары сол ғана.

Ал Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов кооперативтердің саны бар, сапасы жоқ дегенге келіспейді. Оның айтуынша, шаруасын дөңгелетіп отырған кооперативтер де баршылық. Тек құжаттарды рәсімдеп, құрал-жабдық алуға уақыт керек.

Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:

- Өткен жылы пилоттық жоба еді. Алғашқы жыл. Қаржы көбіне екінші жартыжылдықта басталды. Жылдың аяғында кооперативтерге қондырғы алынбағандықтан, саны бар да сапасы жоқ деп айту дұрыс емес.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір кооперация мәселесін қайта зерделеп жатыр. Соның нәтижесі бойынша кооператив құрудың және мемлекеттік субсидия берудің жаңа талаптары бекітілуі мүмкін. Бірінші кезекте өнімділікті арттыру мәселесі қойылады. Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық жайы да кеңінен талқыланды. Өңірлерге дизельді отынды жеткізу кестесі жасалған. Биыл еліміз бойынша науқандық жұмыстарға 375 мың тонна дизель отыны жұмсалмақ. Десе де жетісулық шаруаларға жауапты компания 3 мың 700 тонна жанармайды уақытында жеткізбей отыр.

Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

- Ол – «Петропекс» деген компания. Арнайы кестеде ақпан және наурыз  айларында көрсетілгендігін мойындап, бірақ осы күнге дейін шешілген жоқ. Осы мәселені Энергетка министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Алматы облысының әкімдігі қадағалауда ұстап отыр.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:

- Ресурс иелері орташа 160-170 мың теңгенің айналысында асып отыр. Бұлардың беріп отырған жеңілдігі – 14 мың теңге. Баға реттеу туралы айтатын болсам, баға өседі немесе төмендейді деген болжамымыз жоқ. Мемлекет тарапынан реттеу көзделмеген. Дегенмен қысқа мерзім ішінде өзгерістерге тап болады деген болжамымыз жоқ.

Биыл еліміз бойынша 14 млн 700 мың гектар жерге дәнді-дақыл себіледі. Жалпы егістік алқабының көлемі 22 млн гектарға жуықтайды.

back to top