Хабар 24
LIVELIVE

Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

  • 432
  • Media
Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады

Мерекелік іс-шара аясында Мемлекет басшысы «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» мюзиклін тамашалады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жоғары технологиялық музыкалық хореографиялық этно-модерн қойылымына Қазақстанның белгілі өнер тарландары және опера, балет, театр сияқты сахналық өнердің жас таланттары қатысты.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті «ЭКСПО» көрме кешені аумағында орналасқан этноауылды аралап көрді. Мұнда декоративті-қолданбалы шығармашылық көрмесі, музыкалық театрландырылған көріністер және ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы отандық бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сөз сөйледі. Онда Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, бұл мейрам ұрпақтар сабақтастығының және халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетінің тереңнен тамыр тартуының символына айналғанын айтты.

«Наурыз шынайы жалпыхалықтық мерекеге, әрбір азаматымыз бүкіл Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосып отырған ел бірлігінің жарқын үлгісіне айналды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жалпыға ортақ жаңару мен рухани жаңғыруды білдіретін бұл қастерлі мерекенің өнегелік маңызы зор екенін ерекше атап өтті.

«Ежелден бұл мейрам адамдарды береке-бірлікке бастап, оларды жақсылық пен мейірімділікке, махаббат пен шаттыққа бөледі. Бұл күндері біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, өкпе-ренішімізді кешіреміз, үйлесімділік пен бірлікке ұмтыламыз. Еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің берік негізін қалыптастырып, өзара құрмет пен келісім құндылықтарын нығайту бәріміз үшін аса маңызды», – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында басты барлық бағыттарда зор нәтижелерге қол жеткізгеніне ерекше назар аударып, бүгінде еліміз одан да өршіл мақсат – әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылуды көздеп отырғанын атап өтті.

«Өміріміздің барлық саласын терең жаңғырту – осы заманның сын-тегеуріндеріне қарсы біздің нақты жауабымыз. Әлемдегі жаңа технологиялық революция жағдайында еліміздің басты байлығы адам капиталы, соның ішінде азаматтарымыздың білімі, қабілеттері мен патриотизмі саналады. Ақылды, табысты және өзіне сенімді азаматтары бар ұлт қана мықты әрі өркендеген Қазақстанды дамыта алады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әрбір азаматымызға жаңа мүмкіндіктер беретін «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру мәселесіне ерекше тоқталды.

«7-20-25» атты жаңа ипотекалық бағдарламаның арқасында еліміздің барлық өңірінде көптеген отбасы баспаналы бола алады. Жеңілдетілген шағын несиелер өз ісін өрге домалатамын дегендердің қатарын көбейтеді. Қосымша 20 мың грант бөлу және жаңа жатақханалар салу арқылы мыңдаған жастарымызға жаңа мүмкіндіктер беріледі. Осы айтылған нақты шаралар – жастар мен жас отбасыларды қолдаудың белгісі. Сол арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және еліміздің әл-ауқатын арттыруға тың серпін беріледі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Елбасы Отанымыз – Қазақстан Республикасының өркендеуі жолында барша жұртқа бақыт, береке-бірлік пен толағай табыс тіледі.

back to top