Хабар 24
LIVELIVE

Б.Сағынтаев ШҚО-дағы су тасқыны жағдайын тұрақтандыру үшін қосымша 2 млрд теңге бөлуді тапсырды

  • 289
  • Media
Б.Сағынтаев ШҚО-дағы су тасқыны жағдайын тұрақтандыру үшін қосымша 2 млрд теңге бөлуді тапсырды

Еліміз бойынша 50 елді мекенде 1 жарым мыңнан астам үйді су алған.

Республика бойынша қауіпті аймақтардан қазір 4 мыңға тарта адам көшірілді. Әсіресе Шығыс Қазақстандағы жағдай күрделі. Дүйім жұртты алаңдатқан бұл мәселе бүгін Үкімет отырысында қаралды. Ішкі істер министрінен бастап аймақ басшысына дейін есеп берді.

Биылғы көктем көпті әбігерге салды. Әсіресе Шығыс Қазақстандағы жағдай мәз емес. Әлі күнге дейін 396 үй мен 185 аула су астында тұр. Зырянда мұндай тасқын соңғы 60 жылда болмаған екен. Бұқтырма өзенінде мұздың қалыңдығы қазір 2 метрге жеткен. Көпті дүрліктірген бұл мәселе тек аймақ басшысының ғана емес, Үкіметтің де жіті бақылауында. Осыған дейін отырыста Ішкі істер министрі төтенше жағдайлар қызметкерлері қажетті құралдармен толық қамтылмағанын айтып ақталған болатын. Ал бүгін айтып келмейтін апатқа қарсы тұру үшін қазынадан 4 млрд теңге бөлуді сұрады.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:

– Мемлекеттік материалдық резервтен ШҚО-ға 8 бірлік техника және жылжымалы станциялар берілді. Қазіргі таңда Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар және СҚО-да жағдай күрделі. Осы өңірлерде, сондай-ақ ШҚО-ның ауа райына байланысты дабылды ескерту жасау керек. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар кез келген өзгеріске жедел шаралар қабылдауға дайын болуы керек.

Әйтпесе Шығыстағы шырғалаң қайта қайталануы мүмкін. Егер күн күрт жылынып кетсе, Зырян және Қатонқарағай аудандарында су тасиды деген қауіп бар. Жағдайдан хабардар өңір басшысы аймақтағы ахуалды реттеу үшін Үкіметке 2 миллиард теңге бөлуді сұрады. Бақытжан Сағынтаев барлық көмек көрсетілетінін айтып, Қаржы министріне бұл іспен айналысуды тапсырды. Ал Жамбыл, Ақтөбе және Батыс Қазақстанға судан келетін қауіп жоқ. Дегенмен ахуал қиын. Тасқынның алдын алу шарасынан бөлек білім саласындағы көрсеткіштер де көңіл көншітпей тұр. Дәлірек айтқанда, білім жүйесін дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама бойынша көрсеткіштер тым төмен.

Білім және ғылым министрінің осы шағымынан кейін Б.Сағынтаев тиісті аймақ басшыларының әрқайсысын жеке-жеке тыңдады. Бірақ әкімдердің есебі Ерлан Сағадиевтің мәліметімен сәйкес келмейді. Ал оның себебін министрдің өзі айтсын.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Мына ақпарат жүйесіне байланысты. Ол ақпараттың барлығын анықтап, әкімдіктермен жұмыс істейміз. Бірақ біздікі дұрыс.

Мәселенің анық-қанығы алдағы уақытта белгілі болар. Осы ретте Премьер-министр «қар ерімесе, су тасымас еді» деп, түрлі сылтау айтуды доғарып, нақты істер атқаруды тапсырды.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Ерсін Мұханбеталин, Әділғазы Төлеміс

back to top