Хабар 24
LIVELIVE

Қазақстан Президенті: Оксфорд, Кембридж, Гарвардта берілетін білімді қазақстандық жастар елімізде жүріп алатын болады

  • 365
  • Media
Қазақстан Президенті: Оксфорд, Кембридж, Гарвардта берілетін білімді қазақстандық жастар елімізде жүріп алатын болады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама қолға алынғалы тура бір жыл болды.

Өткен жылғы дәл осы күні «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған маңызы зор мақала 6 негізгі бағытты қамтиды. Онда «Жаңа гуманитарлық білім», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы түзілген. Елбасы тапсырмасы бойынша аталған жоба аясында аударма жасалған алғашқы 18 кітаптың бүгін тұсауы кесілді. Бұлар – гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең үздік университеттерде қолданылатын құнды еңбектер. Оның 16-сы – ағылшын, біреуі – француз, енді бірі орыс тілінен тәржімаланған. Аталған оқу құралдары философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, мен журналистика пәндерін қамтиды. Биыл заман талабына сай тағы отыз оқулық мемлекеттік тілде басылып шықпақ. Қолда бар дайыны жаңа оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне енгізіледі. Озық оқулықтардың тұсаукесеріне арнайы қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев жасалған жаңа қадамның рухани жаңғыру жолындағы маңызын тағы да елеп-екшеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Швейцария сияқты озық елдердің ең таңдаулы ғылыми өнімдері. Олардың көбісін қазақ баласы өз тілінде еш уақытта оқымаған. Оқыса шетелге оқуға барған балалар оқыған шығар. Оксфорд, Кембридж, Гарвардта берілетін білімді қазақстандық жастар еліміздің әр өңірінде алатын болады. Адамзат санасының ең таңдаулы туындылары түпнұсқадан алынып отыр. Ағылшын тілінен қазақ тіліне бірінші рет аударып отырмыз. Әрине, орыс тілін білу арқылы көп нәрсеге қол жеткіздік. Дүниежүзілік мәдениет те, тарих та, ғылым да орыс тіліне аударылды. Содан біз үйрендік. Пайдасы орасан болды. Ал түпнұсқадан алғаш рет аударып отырмыз. 

Ұлттық аударма бюросының басшысы Рауан Кенжеханұлы атқарылған ауқымды аударма ісінің барысы жайлы баяндап берді. Оның айтуынша, 10 мың данамен басылып шыққан оқу құралдары бір ай ішінде еліміздің мемлекеттік жоғары оқу орындарына жол тартады.

Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:

– Аса мәртебелі Елбасы, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Осыдан тура бір жыл бұрын еліміздің рухани өміріне серпіліс әкелген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаңыз жарық көрді. Сіздің парқы мен істің ретін түсінетін ортаны елең еткізген елдік мұрат пен мүддені мағына тұрғысынан мүлде жаңа деңгейге шығарған бұл бастамаңыз барша зиялы қауымды, ғылым мен білімге жанашыр ортаны ерекше шабыттандырып, арғы-бергі тарихымызды бұрын-соңды болмаған аса ауқымды шаруаға жұмылдырды.

Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

1992 жылы 16 мамырда «Егеменді Қазақстан Республикасының қалыптасу және даму стратегиясы» атты бағдарламалық еңбегіңізде сіз «Айқын мақсатсыз, саналы мұратсыз адам да, билік құрылымы да, қоғам да өмір сүре алмайды» дегенсіз. Алдына қойған осы көреген жоспар тарих өлшеміндегі қас-қағым сәтте шындыққа айналды. Әлем мойындаған еңселі ел, тұғырлы мемлекетке айналдық. Сіз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықтың толықтай көңілінен шықты.

back to top