Хабар 24
LIVELIVE

Ақтөбедегі мектептер соңғы үлгіде модификацияланған 3D тақталарын пайдаланады

  • 153
  • Media
Ақтөбедегі мектептер соңғы үлгіде модификацияланған 3D тақталарын пайдаланады

Ақтөбе облысында мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді.

Яғни «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында білім беру мекемелеріне заманауи проекторлар, 3D принтерлер мен роботты техника кешендері сатып алынады. Бұл жобаның мақсаты – тәлімді ұрпақ тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасап, білім беру саласына ақпараттық технологияларды енгізу.

Ақтөбеде былтыр ашылған жаңа мектептің оқушылары ағаш тақтаға бормен жазып тұрмайды. Оның орнына соңғы үлгіде модификацияланған 3D тақтасын пайдаланады. Бұл құрылғыға мұғалімнің «көмекшісі» деп ат берген. Мысалы, география пәнін оқыту кезінде заманауи тақта топырақтың құрылымын, қоршаған ортаның ластану деңгейін, өндірістік қалдықтардың мөлшерін дәл көрсетеді. 

Сабыржан Тұрмұхамбетов, география пәнінің мұғалімі:

- Мұндай тақтаны сабаққа пайдаланған кезде оқушылардың көзбен көру арқылы қабылдау қасиеті артады. Бір жағынан әдемі табиғатты бағалауға болады. Мемлекеттердің географиялық орналасуы, олардың астаналары, бәрі айқын көрінеді. Яғни біз мұны кәсіби түрде білім беру дейміз. Бір тақырыпты түрлендіріп, 10-15 тапсырма беруге болады.

Бұл мектептегі 30 сынып бөлмесіне осындай тақта қойылған. Заманауи тақта барлық пәнде қолданылады. Ескі қағаз атлас карталар мен глобустар мұрағатқа кеткен. Жеке мектеп биылғы оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бойынша аудандардан 100 бала қабылдаған. Оқушыларға  ақпараттық технологиядағы соңғы жетістіктерді пайдаланып, сапалы білім алуға мүмкіндік жасалған.

Шадияр Шайдулаев, мектеп оқушысы:

- Ой-пікірім – әрбір мектепте, әрбір оқу орнында осындай интерактивті технологиялар көбейіп, Қазақстандағы оқу-білім деңгейінің жоғары болуы. Осы арқылы әрбір оқушыға пәнді оқу қызықты, әрі түсінікті болады.

Ал ауылдағы мектепке робототехника кешені жеткізілген. Алға аудандық орта мектебі 15 базалық  және 15 ресурстық құрылғы алыпты. «Оқушыларды робот жасауға үйрету арқылы инженер және техник мамандарын мектеп қабырғасынан бастап дайындауға болады», – дейді мұғалімдер. Жалпы, елімізде 2000-нан астам жасөспірім робототехникамен әуестенеді екен. Олардың көбі шығармашылық орталықтарындағы арнайы үйірмелерге барады. Енді құлтемір жасауды мектептерде оқыса, баланың білімі жетіле түспек. 

Құдірет Советов, Алға аудандық орта мектебінің оқушысы:

- Математика, физика, информатика пәндеріне байланысты болып келеді. Сол арқылы бала өз ойын жетілдіре алады. Робототехникада біз бірнеше деңгейде бағдарламалауды мұғалімнің көмегімен істейтін едік, ал қазір роботтарға бағдарламаны өзіміз енгіземіз.

Робототехника сыныптарын облыстың барлық мектебінде ашу жоспарланған. Биыл басталған «Бақытты балалық шақ» жобасы бойынша мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Білім беру мекемелеріне ақпараттық технологияны енгізу кезең-кезеңмен іске асады.

Руслан Бегімбетов, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы мақсатта қарастырылған 981 млн теңгенің 116 млн теңгесі облыстық бюджеттен аудандардың қажеттілігіне қарай бөлінді. Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында наурыз-мамыр  айларында 20 мектепке ультрақысқа фокусты проекторлар, 20 мектепке 3D принтер, 20 мектепке робототехника, 20 мектепке дейінгі ұйымға 80 е-блокс пен 200 планшетпен жабдықтау жоспарланып отыр.

Одан бөлек жоба аясында аула клубтары мен ойын алаңдары жаңғыртылады. Балаларға бақытты балалық шақ сыйлайтын бағдарлама 8 бақыт бойынша іске асады. Оның ішінде мәдени, спорттық, шығармашылық шаралар қамтылады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

back to top