Хабар 24
LIVELIVE

Мажарстан қазақстандық студенттерге арналған грант санын арттыруға мүдделі

  • 162
  • Media
Мажарстан қазақстандық студенттерге арналған грант санын арттыруға мүдделі

Мажарстан елімізден баратын студенттерге арналған грант санын арттыруға мүдделі.

Қазірдің өзінде Кәрі құрлық елі жыл сайын 200 жерлесімізді оқуға қабылдайды. Ал алдағы жылдан бастап қосымша 50 грант бөлу көздеп отыр. Бұл жөнінде Мажарстанның Төтенше және өкілетті елшісі Барани Андраш мәлімдеді. Ал Қазақстан тарапы оған жауап ретінде жыл сайын Мажарстан азаматтарына 45 грант бөледі. Білім беру саласындағы қос елдің ынтымақтастығы бұнымен бітпейді. Әлі бірқатар бірлескен жобаны қолға алу жоспарланып отыр дейді елші. Жалпы дәл осы гранттарға жастардың қызығушылығы өте жоғары. Өйткені оқуға қабылданған студент тегін жатақханамен, медициналық сақтандырумен және 130-450 еуро аралығында шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Ең бастысы, студенттің оқуға жіберуші не қабылдаушы ел алдында ешқандай міндеттемесі болмайды.

Андраш Барани, Қазақстан Республикасындағы Мажарстанның төтенше және өкілетті елшісі:

– Мажарстан үкіметі қазақстандық студенттерге оқу грантын көбейтуі мүмкін. Бұл қос ел арасындағы ынтымақтастықтың беки түскенін байқатады. Осыған орай алдағы уақытта маңызды келіссөздер өтуі тиіс. Онда қазақстандық тарап белгілі бір мамандықтар бойынша стипендия санын көбейткісі келсе, міндетті түрде мақұлдайтын боламыз.

back to top