Хабар 24
LIVELIVE

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Италияның университетімен серіктестік орнатты

  • 259
  • Media
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Италияның университетімен серіктестік орнатты

Алматыдағы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті Еуропаның үздік жоғары оқу орындарының бірі «Сапьенца» Рим мемлекеттік университетімен серіктестік орнатты.

Бүгінгі таңда оқу орындары «халықаралық ынтымақтастық» бағыты бойынша алғаш рет қос диплом бағдарламасын жүзеге асырғалы отыр. 

Римдегі «Сапьенца» университетінің профессоры Фабио Грасси студенттерге Еуразия тарихы жөнінде дәріс береді. Ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Қалқаман Жұмағұловпен кездейсоқ танысып, нәтижесінде Алматыға лекция оқуға шақырту алған. Осы сапардың арқасында екі оқу орнының көкжиегі жаңа белеске көтерілді . Қазір көне итальяндық жоғары оқу орындарының ұстазы Қазақстанға жиі келеді. 

Фабио Грасси, La Sapienza университетінің профессоры:

- Қазақстанға келген соң  келешегі кемел қазақ халқымен етене таныстым. Белсенді, заманауи көзқарастағы жастарға қарап, қуанғаным рас. Жастар білім алып, әлемді танығылары келеді. Сонымен қатар олар өз отанымен мақтанатыны сөзсіз.

ҚазҰУ мен «Сапьенца» университеті бірігіп, алғашқы қос диплом бағдарламасын іске қосуды көздеп отыр. Бұл бағдарлама ағылшын тілінде «халықаралық ынтымақтастық» бағытында білім алатын магистранттарға арналған. 

Андреа Картени, La Sapienza университетінің профессоры:

- Қос диплом бағдарламасы студенттерге оқудың бір бөлігін өз университетінде оқып, екіншісін шетелде жүріп өзіндік ой-өрісін дамытуға мүмкіндік береді. Яғни сізде  жоғары оқу орнының екі дипломы болады.  

Римнің бас университетінің студенттері қос диплом алу туралы бағдарламаға үлкен қызығушылық білдіріп отырғаны белгілі. Маттео Фрайоли мұндай мүмкіндікті  мүлт жібергісі келмейтіндердің бірі. Ол  Қазақстанда шығыстану саласында  білім алуды жоспарлап жүр.

Маттео Фрайоли, La Sapienza университетінің студенті:

- Бәрінен бұрын мен Шығыс әлемімен танысқым келеді. Мен Қазақстанда білім алу арқылы осы мүмкіндікке жете алатыныма сенімдімін. Қазақстанды Еуропа мен Азияның арасындағы мәдениетаралық алмасу көпірі деп  бекер  атаған жоқ.

Бүгінгі таңда «Сапьенца» университеті Румыния, Колумбия, Жерорта теңізі елдерімен қос диплом бағдарламасын жүзеге асырып отырған елдердің бірі. Қазақстанмен мұндай келісім алғаш рет жасалды. Рим Алматыдан келетін студенттерді қарсы алуға әзір.  

Авторлары: Юлия Гончар, Массимилиано Вольпе

back to top