Хабар 24
LIVELIVE

Өзбекстандағы білім жәрмеңкесіне Қазақстанның 30-ға жуық жоғары оқу орны қатысып жатыр

  • 235
  • Media
Өзбекстандағы білім жәрмеңкесіне Қазақстанның 30-ға жуық жоғары оқу орны қатысып жатыр

Өзбекстанның Науаи қаласында «Қазақстанның білім күндері» көрмесі ашылды.

Жәрмеңкеге еліміздің 30-ға жуық жоғары оқу орны қатысып жатыр. Жетекші білім ордаларының өкілдері жергілікті жастарға өз жетістіктері мен озық тәжірибелерін көрсетті. Халықаралық бағдарламалар орталығы ұйымдастырған шара екі елдің білім саласында ынтымақтастықты нығайта түсуге негіз болмақ.

Білім жәрмеңкесінің Науаида өткізілуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені Өзбекстанда тұрып жатқан қазақ диаспорасының басым бөлігі осында тұрады. Оған қоса өндірісті аймақ. Сондықтан да жастар арасында технологиялық мамандыққа деген сұраныс жоғары.

Бағжан Оралбаева биыл Тамдыдағы агроэкономикалық колледжді тәмамдайды. Тәлімгер білімін ата жұртындағы жоғары оқу орнында жалғастырмақшы. Шалғай ауылдан келген қандасымыз көрмеден өзіне қажетті мәліметтерін алып, таңдауын жасады.

Бағжан Оралбаева, Тамды агроэкономикалық колледжінің тәлімгері:

- Мен бүгінгі жәрмеңкеде Қостанай облысындағы педагогикалық институтына құжатымды тапсырмақшымын. Яғни ағылшын тілі факультетіне. Қазақстан Республикасында, ата жұртымда ағылшын тілі пәнінің мұғалімі атанып, ары қарай болашағымды жалғастырғым келеді.

Науаида 100-ге жуық орта білім ұясы бар. Соның 31-і қазақ мектебі. Жергілікті халықтың 57 пайызын диаспора өкілдері құрайды. Жалпы, жәрмеңкеге келген жастардың дені біздің елде білім алуға ниетті. Дегенмен қолбайлау мәселе де жоқ емес. Өйткені көрші елде қазақстандық дипломды кәдеге жарату қиын. «Бұл мәселе үкіметтік деңгейде қаралып жатыр», – дейді көрмені ұйымдастырушылар.

Зүлфия Төребекова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті:

- Өтініш-арыздар бар, осы мақсатта біз үкіметаралық өзара білім саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімнің бір бабын осы білім құжаттарын тануы мәселелеріне арнап отырмыз. Одан бөлек біз екі ел арасында баламалы студенттермен алмасу бойынша гранттарды бөлу мәселесін де қамтып отырмыз. Бұдан былай Қазақстан мен Өзбекстандағы білім саласының арасында осындай мәселелер болмайды деген сенімдеміз.

Жәрмеңкеде Қазақстанның білім беру саласындағы басымдықтары мен жоғары оқу орындарының бүгінгі жетістіктері таныстырылды. Шетелдік студенттер үшін біздің елімізде жасалған жеңілдіктер түсіндірілді. Жастар екінші жоғары білім алумен қатар бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша Қазақстанда оқудың жолдарын сұрап білді.

Юлдуз Сайдуллаева, Науаи колледжінің тәлімгері:

- Көптеген жеңілдіктері бар екен. Біз ол жаққа барып оқысақ, тегін жатақхана мен стипендия төленеді дейді. Егер жоғары балл жинасаң, грантқа түсуге болады. Осы жақтары маған қатты ұнады. Біз өте қуаныштымыз.

Көрме аясында екі елдің төрт бірдей іргелі оқу орны өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Халықаралық бағдарламалар орталығы жалпы бұған дейін дәл осындай бірнеше білім жәрмеңкесін ұйымдастырған. Соның негізінде бүгінде Қазақстанда 14 мың шетелдік жас оқып жатыр. Оның басым бөлігі өзбекстандықтар екен. Алдағы уақытта Орта Азия елдерімен қатар Қытай және Иран мемлекеттерінде де білім көрмесін өткізу көзделіп отыр.  

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Зафар Халилов

back to top