Хабар 24
LIVELIVE

Маңғыстау облысындағы мектептерде Ә.Кекілбаевқа арналған сыныптар ашылды

  • 260
  • Media
Маңғыстау облысындағы мектептерде Ә.Кекілбаевқа арналған сыныптар ашылды

Мұнайлы мектептерінде «Әбіштану» сыныптары ашылып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы аймақтық шара Дәулет ауылдық орта мектебінде жалғасты.

Жазушының жары Клара Жұмабайқызы лентасын қиған оқу кабинеті сандық үлгіде жасақталған. Мәселен, қабырғаға ілінген әр фотосуреттің тарихын смартфон камерасын бағыттау арқылы тыңдауға болады. Сондай-ақ оқушылар Әбіш Кекілбаевтың электронды кітапханаға жинақталған кітаптарын ұялы байланыс құралының көмегімен оқи алады. Мектеп басшылығы ендігі білім сайыстарын осы сыныпта өткізуді жоспарлап қойған.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында абыз тұлғаның есімі берілген оқу кабинеті бар мектеп саны 15-тен асады.

Дина Күлмиханова, мектеп директоры:

- Кабинетті ашудағы негізгі мақсатымыз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласына орайластырып жасақталып отыр. Біздің оқушыларымыз шығармашылығын әрі қарай дамыта алады. Бұл кабинетте танымдық ойлары, көшбасшылығы дамиды деп ойлаймын.

Клара Жұмабайқызы, Әбіш Кекілбаевтың жұбайы:

- Жаңа ашылған кабинетті өте жақсы бастаған болатын. Мына суреттерге қарап, Әбіштің кімдермен кездесіп, сөйлескені, кімдермен жолдас болғаны, барлығы көрініп тұр. Кабинетке келгенде Әбіштің шығармаларының көпшілігін көріп, соларды оқып біле алатындары мені өте қуантып тұр. Әрі қарай балалар жетісе берсін, жалғастыра берсін.

back to top