Хабар 24
LIVELIVE

Қарағанды техникалық университеті 4 мыңнан астам студент қабылдайды

  • 82
  • Media
Қарағанды техникалық университеті 4 мыңнан астам студент қабылдайды

Қарағанды техникалық университеті биылғы оқу жылында 40 мамандық бойынша 4 мыңнан астам студент қабылдайды.

Елбасы бес әлеуметтік бастамасында көтерген өзекті мәселелердің бірі білім гранттарын көбейту болса, іргелі оқу орыны осы мақсатта бірқатар түлекке мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе техникалық мамандықты таңдаған жастарға айтарлықтай жеңілдік бар.

Қарағандыдағы №41 орта мектептің 11 сынып оқушысы Ертуған Өтегенов болашақ мамандығын әлдеқашан таңдап қойған. Техникалық университеттің «Тау-кен ісі» факультетінде білім алғысы келеді. Оның ендігі арманы – емтиханды үздік тапсырып, білім грантын жеңіп алу.

Ертуған Өтегенов, мектеп оқушысы:

- 20 мың грант, оның ішінде 11 мыңы техникалық жағынан бөлініп отыр. Бұл бізге өте жақсы жігер ретінде беріліп тұрған гранттар болып саналады. Алла қаласа, грантқа түсемін деген ойым бар. 11 мың гранттың ішіне ілініп кетемін деп ойлаймын. Дайындығым жақсы, күшті.

Білім гранттарының көптеп бөлінуі – қаржысы жоқ, талабы көп талантты жастар үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Бірақ бұдан емтихан шарттары жеңілдемейді. «Бірыңғай ұлттық тестілеуде жоғары ұпай жинап, білім деңгейін дәлелдеген талапкерлер ғана тегін оқуға қол жеткізетін болады», – дейді Қарағанды техникалық университетінің бірінші проректоры.

Аристотель Исағұлов, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің проректоры:

- Білім гранттарының көбеюі балалардың арасында бәсекелестікті арттырады. Оқушылар оған ие болу үшін барынша жақсы оқуға тырысады. Екіншіден, сұранысқа ие жақсы мамандықтарды тегін алудың мүмкіндігі ұлғаяды, қолжетімді болады. Сөз жоқ, кейін бұл түлектердің барлығы отандық өнеркәсіпті өрге сүйрейтін кәсіби мамандар болатынына күмәнім жоқ.

Қазір Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде 40 мамандық бойынша 11 мыңнан астам студент оқиды. Оның тең жартысы грант иегерлері. Оқу ордасы өткен жылы 3500 студент қабылдаса, биыл талапкерлер санын 4 мыңға ұлғайтқалы отыр. Демек қаншама жастың жоғары білім алуына жол ашылды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

back to top