Алматыда ескі көліктердің қатынауына шектеу қойылуы мүмкін, деп хабарлайды 24kz.
Қазір қаланың атмосфералық ауасын қорғау қағидасы қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Егер көпшілік қолдаса, соның негізінде «Таза ауа аумағы» құрылады. Ол жерде Евро-0-ден, Евро-4 классына дейінгі автокөліктердің жүруіне шектеу қойылады. Немесе ақы төлеп жүреді. Бұл ережеден Евро-5 пен Евро-6 стандартындағы машиналар мен электромобильдер босатылады.
Алматы – әлемдегі ауасы ластанған қалалардың бірі. Жыл сайын атмосфераға азот оксиді, көміртегі тотығы, күкірт диоксиді сияқты 189 мың тонна зиянды қалдық шығады. Оның 112 мың тоннасы автокөліктерге тиесілі. Экологтардың айтуынша, ауаны ластайтын – ескі темір тұлпарлар. Мәселен 20 жыл бұрын шыққан автомобиль жаңасына қарағанда қоршаған ортаға бес есе артық зиянды қалдық бөледі.
Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:
- «Таза ауа аумағы» жобасы қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. Яғни, кейбір автокөлік иелері үшін қала ішінде жүру ақылы болуы мүмкін. Алғашқы сынақ кезінде жүргізушілерден төлем алынбайды. Ал іске қосылғаннан кейін «Таза қала» цифрлық платформасы арқылы автомобилін тіркеп, оның экологиялық класын анықтап, абонемент рәсімдейді. Қазір Алматының өзінде тіркеуде тұрған 650 мыңға жуық көлік бар. Оның Евро-0 ден Евро-5-ке дейінгісі 400 мыңнан асып жығылады. Оған сырттан келетін машиналарды қосыңыз.
Былтырдың өзінде қалаға кірген 200 мыңнан аса темір тұлпардың 30 мыңы ауаны ластайтыны анықталған. Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоко: «Осындай батыл қадам болмаса, қала осылай түтінге тұншығып қала береді, енді бұған бей-жай қарауға болмайды», - дейді.
Эдуард Эдоков, Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:
- Жаңа бастама болған соң, әрине, қоғамда әртүрлі пікір бар. Қарсы, сыни көзқарастар да кездеседі. Өз басым жобаны жақтаймын. Неге десеңіз, қалада кептелістен көз ашпаймыз. Бұдан кейін ауаның сапасы туралы айту артық. Қазір сабақ бастала қойған жоқ. Енді 10 күннен кейін мектептегі әр баланы бір машина тасиды. Оның ішінде өзіңіз айтқан стандартқа сай келмейтін ескісі де жетіп жатыр.
Алматыдағы «Таза ауа аумағы» Пекиндегі дәл осындай Low Emission Zones, яғни, төмен эмиссиялы аймақ тәжірибесі негізінде жасалады. Мұндай жоба әлемнің көптеген ірі қалаларында бар.
Айдана Қасен, «Эко Алматы» ЖШС директорының орынбасары:
- Қазан айында біз пилоттық жоба ретінде «Таза ауа аумағын» енгіземіз. Ол тек қана болашақта анализ жүргізу үшін, көлік нөпірін бақылау үшін, қандай машина жүреді, қандай көліктер бар? Қаншалықты шығарынды жүреді сол аймақта? Соның бәрін зеределей отырып, анализ жасап, соңында арнайы мамандар өздерінің анализін бергеннен кейін ол жерге тиесілі шаралар қолданылатын болады.
Атап айтқанда, қандай автокөлік маркалары көп зиянды қалдық бөледі? Кандай абонементтік төлем болады? Барлығы осы сараптамадан кейін белгіленеді. Эколог, халықаралық сарапшы Айнұр Сейілхан бұл бастаманы толық қолдайды. Себебі, лас ауа адам денсаулығына кері әсер етеді. Оған қоса, Алматыдан жоғары оқу орындарын көшіру орынды деп санайды
Айнұр Сейілхан, эколог, халықаралық сарапшы:
- Қонаев сияқты урбоқалаларға білім ошақтарын ауыстыру, яғни, студенттердің ағысын сол жаққа бұру болып табылады. Қала шын мәнісінде XIX ғасырдың екінші жартысындағы XX ғасырдағы архитектуралық жоспарлаумен қазіргі стандартқа сәйкес келмейді. Қаланың ішіне адамдар да, автокөліктер де сыймайды. Бұл деген өмір сүру сапасының төмендігіне алып келеді.
Алматының атмосфералық ауасын қорғау ережесін бекіткеннен кейін ескі машиналарды сатып алуға қатысты жобаны қарастыру көзделген. Сонымен қатар ауаны тазарту үшін құрылыс алаңдарында, моншаларда және тамақтану орындарында сүзгі жүйесін орнату міндеттеледі. Сондай-ақ сарапшылар: «Ескі көліктерге шектеуді енгізбей тұрып қоғамдық көліктің жұмысын шұғыл ретке келтіру қажет», - дейді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz