Еліміз спутниктер өндіріп, экспорттайтын болды. Қазір Моңғолия және Африка елдерімен келісім бар, деп хабарлайды 24kz.
Ғарыштық аппараттардың жұмыс барысындағы атауы – ӘлемView. Артықшылығы – басқарылу бағдарламасына отандық инженерлер жауапты. Бұны мамандар саладағы технологиялық үдерістің өскені деп бағалап отыр.
Көз алдымыздағы мына кескін екі жылдан кейін көкке заулайды. Ғарыш аппараттарын құрастырып әрі сынаушы өзіміз. Қазақы қалыпқа салып айтсақ, тәні сырттан, ал, жаны елде жаратылған. Оның себебі – техникасын бізден таппайсың. Бірақ технологиялық негізін жасайтын инженерлер жетерлік.
Аманат Үмбетбаев, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарушы директоры:
- Кез-келген жобада документациялық жағы 50%-ке дейін алады. Себебі, егер документация жағы болмаса, дизайн болмаса, ол ғарыш аппаратын біреуден сатып ала салуға болады. Сондықтан қағазда жазылған әр дизайн өзіміздікі болғандықтан, бізде біраз пайызы өзіміздікі. Спутниктің сыртының өзі алюминий, титан құймасы болады. Ол Қазақстанда әзірге жоқ. Оны сатып алу керек. Сосын оптика бар түсіретін аппарат. Ол да бізде Қазақстанда әзірге жоқ. Енді уақытпен келер.
Бұрын спутникті сынау үшін Англия асатынбыз. Бүгінде ешкімге кіріптар емеспіз. Темірден түйін түйгендей, әр бөлігін бүтіндейтін кешеніміз бар. Ғарыш аппаратын жобалаудан бастап, космосқа жолдауға дейін мүмкіндік жасалған. Қазір мамандар 3 жерсерікпен әбігер. Африка құрлығының Конгосы мен Нигериясына радарлық түрі жөнелтіледі. Себебі, бұл құрылғы бұлтты аймақта кедергісіз суретке түсіреді. Тағы біреуі Моңғолияға тапсырылады. Технологияның негізі – борттық компьютері немесе спутниктің миы.
Әділсұлтан Лепес, «Ghalam» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:
- Осындай аса маңызды компоненттерді біз өзіміздің өндірісімізде шығарамыз. Ол бізге өте маңызды. Өйткені біз басқа мемлекеттерге тәуелді болғымыз келмейді. Осы компоненттердің артықшылықтары, мысалы, біз басқа мемлекеттен импорттайтын болсақ, ол жерде көп шектеу болады. Олар: «Мына мемлекеттерде суретке түсіруге болмайды, мына жерде мынадай жылдамдықпен ұшуға болмайды», деп айуы мүмкін. Ғарыш аппаратымызды өзіміз басқарамыз. Басқару жүйесі толықтай өзімізде болады.
Үш елде 3 жерсерігіміз болады. Олар шырт еткізген суретті қолдана береміз. Бұрын сурет жаңалауға 3 күн уақыт кетсе, енді 14 сағат сайын түсіреді. Айтпақшы, Моңғолия, Конго мен Нигерия сияқты халықаралық топтама жобасы әлі жалғасады. Ұтымды тұсы – шығыны экспорттық ақыдан жабылады. Бюджетке аса салмақ болмайды. Бастысы, ауыл шаруашылығы, қорғаныс, басқа да салаларға қажет материалдарды тегін алып, сапалы дүние әзірлеу мүмкіндігі артты.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Ғалымжан Әбділахат
Тегтер #спутниктер #отандық өндіріс #экспортPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz