Соңғы рет инфляция деңгейі бұлай осыдан 6 жыл бұрын көтерілген. Жуық арада төмендейді дегенге сену қиын. Азық-түлік бағасы шарықтап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қызмет түрлерінің ақысы да көбеймесе азаяр емес. Оған теңге бағамының тұрақсыздығын қосыңыз. Демек бұқараның қалтасына түсетін салмақ ауырлай түсті.
Еліміздегі инфляция деңгейі 2016 жылғы қыркүйекте болған рекордты көрсеткішке жетті. Мәлім болғандай, наурыз айында инфляцияның қарқыны үдеп, 8,5 -тен 12 процентке дейін өскен. Салдарынан азық-түлік қымбаттап, халықтың онсыз да жұқа қалтасына салмақ түсті. Инфлияциядағы азық-түлік тауарының үлесі зор. Азық-түлік бағасы 10-нан 15,4 процентке дейін өскендіктен жағдай осылай болып тұр. Азық-түліктің өзіне ғана инфляцияның мөлшері соңғы бір айда 5,8 процентті құрады. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар азық бағасының өсімі наурыз айының соңғы аптасында жылдық шамамен 18,6 пайызға дейін көтерілген. Наурыздың 7-сі мен 13-і аралығында жекелеген азыққа деген сұраныстың күрт артқаны осы өсімге себеп болған.
Орамжапырақ, қант, картоп пен қызанақтың бағасы жылдық көрсеткіш бойынша айтарлықтай көтерілді. Инфляциялық қатердің ұлғаю мүмкіндігін ескерген ұлттық банк төрағасы, оның әрі қарайғы өсімін болжап отыр.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
– Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар алдын ала тиісті шаралар қабылдап, маусымдық баға өсімін болдырмауы керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамту мәселесін басты назарда ұстау маңызды. Аймақтардың қажеттілігін ескере отырып, өзара тауар тасымалын уақытылы ұйымдастыру керек. Негізсіз баға өсімін болдырмау үшін бөлшек сауданың үстемесін үнемі бақылап отырған жөн.
Азық-түлік бағасы халықтың шымбайына қатты бататын, көп жағдайда әлеуметтік шиеленіс тудыратын шетін мәселе. Сондықтан төлемдердің барлығы инфляцияның мөлшеріне сәйкес өсуі тиіс. Сонда ғана азаматтардың табысы мен шығынының арасындағы баланс сақталмақ.
Осы ретте, өткен аптада «Қазақстан Халық партиясы» индексациялау мәселесін Атазаңымызға шегелеп тұрып енгізуді ұсынды. Яғни мемлекет тарапынан төленетін зейнетақы, жәрдемақы мен шәкіртақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне қарай көтеру бойынша мемлекеттің міндеттемесін бекіту керек, деді партия төрағасы саяси бюроның кеңейтілген отырысында.
Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан халық партиясының төрағасы:
– Қазір әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы жағдайымыз өте ауыр, елімізде ғана емес, күллі әлемдегі ахуал осы. Сондықтан заң жүзінде бұл норманы бекіту аса маңызды. Партия аппараты, сарапшылары мен экономистер жіті талдау жасай отырып, Конституцияға осындай өзгерісті енгізуге міндеттіміз деген шешімге келдік.
Мемлекеттік төлемақыларды инфляцияға қарай өсіру міндеттемесін Ата заңға енгізудің қанша қажеті бар? Жаһандану кезеңінде сыртқы факторларға тәуелді экономиканы реттей отыра, бұл міндеттемені мүлтіксіз орындауға мемлекеттің шамасы жете ме? Бұл мәселе егжей-тегжейлі сараптаманы қажет етеді. Қай сарапшы болмасын, барлығының айтары осы. Кейбірі индексацияны Конституцияға енгізудің аса бір қажеті жоқ дейді.
Сапарбай Жобаев, экономист:
– Инфляцияның деңгейіне қарай, жыл сайын индексация онсыз да жүргізіледі. Жалпы Еңбек кодексінде де, өзге де заң нормаларында оны іске асырудың тетігі көрсетілген. Сондықтан бұл мәселені Конституцияға енгізудің еш қажеті жоқ деп ойлаймын.
Ал заңгер Марат Қоғамовтың пікірінше, мұндай норманы Ата заңға енгізу артық етпейді. Атап айтқанда, Конституцияның Адам және Адамзат атты екінші бөліміндегі, азаматтың құқығы мен міндетіне қатысты баптарына қосуға әбден болады. Заңгердің айтуынша, бұл заң шығарушы және атқарушы органдары үшін қажетті жадынама болмақ. Оның үстіне, бұл Қазақстан азаматтының құқығын егжей-тегжейлі ету үшін керек дүние. Бірақ ол үшін әрине, норманы барынша сараптап барып, сауатты түрде жазып шығу қажет.
Марат Қоғамов, заңгер, профессор:
– Кез келген заң нормасы сынды оның да гипотезасы, қолданылу аясы, деспозициясы, тиісті әлеуметтік төлемдермен айналысатын мемлекеттік органдардың тәртіптік ережесі түзілуі керек. Әрине мұндай норманың санкциясы да айқындалуы шарт. Онсыз заң нормасының еш мәнісі болмайды. Бұл ретте қолданыстағы заңдарға сілтеме жасалады деп ойлаймын. Егер Конституцияға енгізілсе, онда заң алдындағы тиісті жауапкершілік те бекітіледі.
Президенттің бастамасымен Конституция нормаларын түзетуге қатысты арнайы топ құрылған еді. Түрлі сала мен қоғам санатынан құралған топ Атазаңға өзгеріс енгізуде қазақстандықтардың мүддесін ескеруге міндетті. Онсыз Жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес, Анығында төлемақыларды индексациялау үшін жан-жақты талдау әрі сауатты шешімдер қажет.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz